Бауыржан Байбек пен оның отбасының АParking компаниясына қатысы жоқ - әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі қала басшысы Бауыржан Байбектің АParking компаниясына қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала көшелеріндегі паркоматтардың бетіне жапсырылған плакаттар көпшіліктің талқылауына түрткі болды. Бұл қағаздарда белгісіз біреулер АParking тұрақ компаниясының қала әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі екендігін жазған.

Қала әкімдігінің пайымдауынша, бұл лозунгтар қаладағы көлеңкелі айналымды азайтуға қарсы тұлғалардың ісі болуы мүмкін.

«Алматы әкімдігі қала әкімінің де, оның отбасы мүшелері мен өзге де туысқандарының да Аparking компаниясында үлесі жоқтығын ресми мәлімдейді. Осыған байланысты қала әкімдігі жалған және жала тағу тұрғысындағы ақпаратты тарату фактілеріне құқықтық баға беру, сондай-ақ оның ұйымдастырушылары мен қатысушыларын жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыру үшін құқыққорғау органдарына арызданды», - деді әкімдіктен.

Айта кету керек, Алматы қаласы Люблян қаласында өткен форум барысында көлік саласында  кешенді реформаны тиімді жүзеге асырған «ақылды қала» ретінде марапатталған болатын.

Байқау барысында қалада цифрлық технологияларды пайдалану, табысты көлеңкелі айналымнан шығару, қоғамдық кеңістікті қайта жаңғырту арқылы экологиялық ахуалды жақсарту көрсеткіштері бағаланған.

Бүгінде Алматыда әлемдегі барлық қалаларда сияқты көлік ағыны жоғары.

Соңғы 10 жылда көлік саны 20% артқан. Қалаға күніне 500 мың автокөлік кіріп шығады. Олардың түтіні ауа бассейнінің 80% ластап отыр.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін әкімдік 2012 жылы Тұрақты даму стартегиясын қолға алды. Бұл жоба  БҰҰ Даму бағдарламасы мен Ғаламдық экологиялық қорының көмегімен іске асты.

Қала әкімдігі Таллин, Прага, Париж, Москва қалаларындағы тәжірибелерді ескере отырып, электронды ақылы тұрақтар жүйесін енгізе бастады. 

Әлемдік тәжірибе ақылы тұрақтарды мемлекет есебінен қаржыландыру тиімді еместігін көрсетті. Салаға жекеменшік инвестор тарту қала бюджетінің қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді. Осы орайда, аралас модель таңдап алынды. Компанияның 70% жекеменшік инвесторға тиесілі болса, 30% - мемлекеттік меншікте.

Қалалық қаржы басқармасы компанияның 70 пайыздық үлесін (жалпы құны 131,8 млн теңге) сатып алушыны анықтау үшін ашық байқау ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде 4 компанияның арасынан серіктес ретінде «RR2» ЖШС таңдалды.

«Тәуелсіз сарапшылардың мониторингіне сәйкес, ақылы тұрақтардан түскен қаржының 90% жеке адамдардың қалтасына кетіп отырған. Тұрақта жұмыс істеген адамдар еш жерде тіркеуде болмаған, зейнетақы төлемдерін жасамаған. Көп жағдайда басқару жүйесі криминалмен байланысты болып келді. Жаңа жүйе енгізілген соң Алматының тұрақ көлемінің 10% ғана ақылы болды. Ал салық төлемдері 2016 жылдан бері 10 есеге артып, 924 млн теңгені құраған», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.  

Жекеменшік инвестор жобаға 1,5 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салған. Бұл, 2016 жылға дейін салаға құйылған қаржыдан 40 есе көп.

 

Соңғы жаңалықтар