Бауыржан Байбек мұғалімдерді ынталандырудың жаңа жүйесін ұсынды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Оқушылар сарайында мұғалімдер күніне орай қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен конференция өтті. Онлайн режімде өткен жиынға қаланың 201 мектебінің ұжымы қатысты.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, қаланың білім беру жүйесінде қазір 27 мыңнан астам ұстаз еңбек етіп жүр. Олардың ішінде 1000-ға жуық мұғалім Алтынсарин атындағы төсбелгі мен ҚР Білім беру ісінің үздігі медалінің иегері. Ал 13 мұғалім Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алған.

«Елімізде білім беру саласының дамуына барынша жағдай жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Білім беру бағдарламасы жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы мұғалімдердің материалдық ахуалына да көп мән беріп келеді. 2016 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 44 пайызға көтеріледі. Соңғы 3 жылда қаланың білім беру саласына бөлінетін қаржы 20 пайызға артты. Биыл бұл сома 54,5 млрд теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қалада 46 білім беру нысаны бой көтерді. Ел болашағының кілті бүгінгі жастарда. Өз кезегінде жас ұрпақ бойына білім ғана емес, ізгілік нұрын сеуіп отырған сіздерге осы онлайн-конференция арқылы алғысымды білдіргім келеді», - деді Бауыржан Байбек жиын барысында.

Өз сөзінде қала басшысы биыл 1500 педагог 150-300 мың көлемінде бір реттік сыйақы алғандығын жеткізді. Осы бағытта қала бюджетінен 320 млн теңге қарастырылған.

Қала басшысы мұғалімдерді ынталандырудың ұжымдық үлгісін ұсынды.

«Ең үздік мектептерді марапаттауды ұсынамын. Яғни, егер мектептің ұжымы қандай да бір жетістікке жетсе, сол мектептің ұжымының арасында қала бюджетінен бөлінген 320 млн теңгені жалақысына коэффициент ретінде есептеп беру керек. Егер, қосымша қаржыландыру керек болса, біз оны да қарастырып көреміз. Ол басқа мектептерге үлгі болады. Неге ол мектеп үздік болды? Қандай жетістігі бар? Соған басқалары да ұмтылатын болады», - деді Б.Байбек.

№178 физика-математикалық лицей мен көп профильді колледж студенттері онлайн режімде байланысқа шығып, өз пікірлері мен құттықтауларын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар