Бауыржан Байбек: БАҚ - қоғам өмірін айқындайтын қуатты институт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда әлемнің 50 елінің 600-ден астам өкілінің басын қосқан XVI Еуразиялық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум қатысушыларын құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек осыдан 17 жыл бұрын қалада алғаш рет өткен форум бүгінде беделді халықаралық диалог алаңына айналғанын атап өтті. Бұл алаңда медиа саласының кәсіби мәселелерімен қатар әлемдік қоғамдастықты алаңдататын іргелі тақырыптардың талқыланатындығын жеткізді.

«Бұқаралық ақпарат құралы - бұл тек журналистік қоғамдастықтың ғана әлемі емес. Бұл қазіргі заманғы қоғамның өмірін айқындайтын, тілдесудің жаңа мәдениетін қалыптастыратын қуатты ақпараттық институт. Өз кезегінде Алматы - бұл белсенді азаматтардың қаласы және жоғары мақсаттары бар мұндай ауқымды форумды өткізу барлық уақытта да азаматтардың қызығушылығын тудырады. Сарапшылық қоғамдастықтың да белсенділігі жоғары», - деді Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі тұрақты даму кепілі мемлекеттіліктің мызғымас құндылықтарының тірегі екендігін атап өтті. Олардың қатарында кез келген қоғамның әл-ауқаты үшін негіз болып саналатын ізгілік, әділдік, ынтымақтастық, білім мен үйлесімділікке ұмтылыс бар.

«Жеделдетілген трансформациялық процестерімен ерекшеленетін қазіргі кезеңде олардың өзектілігі мұнан ары да арта түсуде. БАҚ барлық адамзатқа ортақ осынау құндылықтарды қоғамдық санаға сіңіруде және таратуда шешуші мәнге ие. Бүкіл әлемнің сарапшылары үшін маңызды алаңға айналған Еуразиялық медиа форум мұнан ары дамудың негізгі бағыттарын айқындауға, оның ішінде диалог пен өзара ынтымақтастық идеясын ілгерілетуге өз үлесін қосатындығына сенімдімін», - деді ол.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың XVI Еуразиялық медиа форум қатысушыларына құттықтау жолдағанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар