Бауыржан Байбек Алматы тұрғындарына баспана алу жеңілдіктері туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала активімен кездесу барысында Мемлекет басшысының ауқымды әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруда мегаполисте атқарылатын жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының елді модернизациялау бастамасы кешенді сипатта, әрі барлық салаларды қамтиды.

Мысалы, конституциялық реформа билік тармақтарының нақтылы баллансын белгіледі әрі жергілікті өзін - өзі басқарудың дамуына жаңа серпіліс берді. Елімізде экономикалық модернизациялау және цифрландыру бойынша қомақты жұмыстар жүріп жатыр. Өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы руханилықтың, ұлттық сананың жаңаруын қамтамасыз етті. Олар ашықтық, прагматизм, білім мәдениеті, бәсекелестік принциптеріне негізделді.

«Елбасы жобалары - халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әрі нақты, қажетті ресурстармен негізделген бағдарламалар. Бес әлеуметтік бастама - Президенттің салиқалы саясатының бірі және адамға деген шынайы қамқорлықтың нақтылы көрінісі. Біздің міндетіміз аталған тапсырмаларды жедел орындауға кірісу және әрбір алматылықтың осынау ауқымды әлеуметтік жобалардың оң нәтижесін көрулеріне ықпал ету. Ол үшін бізде барлық ресурстар бар»,- деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімі қолжетімді баспана салу қала билігінің негізгі міндеті екенін жеткізді.

Оның айтуынша, 2017 жылы құрылыс қарқыны 4 есе өскен. Алматыда кезекте тұрған әрбір үшінші адам пәтер алды. 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 16,5 мың жаңа пәтер салынды. Айта кетерлігі, алдағы уақытта тағы да 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 17 мыңнан астам пәтер салынады.

Бұлардан өзге «Алматы жастары» әлеуметтік бағдарламасын орындау үшін жергілікті бюджеттен биыл 2 млрд теңге бөлінгені тағы айтылды.

Бағдарламаға қатысатын жас отбасылар алғашқы жарнаны төлемей- ақ 5% -дық тұрғын үй несиесін алады.

Мегаполис басшысы Алматыда 50 мыңнан астам студенттің жатақханаға зәру екенін айтты. Өткен жылы 2 мың орындық 4 жатақхана салынса, 2020 жылға дейін тағы да 20 жатақхана салу жоспарланған.

Бүгінде қалада 27 мыңнан астам жас жеткіншек колледжде тегін білім алып жатыр. Елбасы тапсырмасы бойынша 2016 жылдан бастап балабақша ақысы бюджет есебінен 2,5 есе азайды.

Тұрғын үй бойынша 2 мыңнан астам қала тұрғыны әлеуметтік көмек алып жатыр. Қала әкімдігі коммуналдық қызмет тарифтерін субсидиялауда. 2015 жылдан тарифтерді ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ал инженерлік желілерді модернизациялауға 100 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылды.

Бауыржан Байбек қала активімен кездесу барысында жеке сектордың жыл аяғына дейін толық газдандырылатынын, 2021 жылы Алматы агломерация аумағындағы 4 мың жеке үй газға қосылатынын жеткізді. Елбасының тапсырмасы бойынша ЖЭО-2 газға көшіріледі, энергетика министрлігінің есебі бойынша соның арқасында ЖЭО-ның ауаға шығаратын залалы 30 есе азаяды.

Соңғы жаңалықтар