Бауырсақ-fest: петропавлдықтар Наурыз мейрамында бауырсақ жеуден жарысады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Наурыз мейрамына орайластырылған бұқаралық тойлау бағдарламасы үш күнге шақталған. Мереке көпқабатты үйлердің аулаларында да ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурыз мейрамын атап өту 21 наурыз күні сағат 12:00-де орталық алаңдағы «Армысың, әз Наурыз!» концерттік бағдарламасынан басталады. Бұл күні қала халқы мен қонақтары ұлттық спорт ойындарына қатысып, «Қолөнер – сырлы өнер» атты қолөнершілердің жәрмеңкесін тамашалай алады.

Мерекелік іс-шаралар халық көп жиналатын орындарда да ұйымдастырылмақ. Мәселен, 19-шағын аудандағы «Сити-молл» сауда орталығының жанында «Наурыз мерекем – Наурыз берекем» атты концерттік бағдарлама өтеді.

«Жұмысшы» кентінде, «Былғары зауыты» шағын ауданында Наурыз мерекесі осы күні мектептердің жанында сән-салтанатымен мерекеленеді.

Негізгі мерекелік бағдарлама 22 наурызға жоспарланған. Бұл күні театрландырылған концерттік бағдарлама орталық алаңда сағат 11:00-де басталмақ.

«Ұлы даланың ұлттық ойындары» спорттық ойындары ұйымдастырылып, қолөнершілер өз бұйымдарын көрермен назарына ұсынады.

Мерекенің ажарын Бауырсақ-fest аша түспек. Бұл күні тұрғындар бауырсақтың түр-түрінің дәмін тата алады. Сондай-ақ, бауырсақ жеуден жарысқа түседі.

Балалар да ұмыт қалмаған, олар үшін түрлі сайыстар, викториналар ұйымдастырылмақ. «Береке» шағын ауданының тұрғындары үшін №25 мектептің жанында мерекелік іс-шара өтеді. Ал, түстен кейін орталық алаңда «Сағындырған әндер-ай» ретро-концерті жоспарланған.

23 наурызда орталық алаңға жиналған халық «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» бағдарламасын тамашалай алады.


Соңғы жаңалықтар