Бауырларымызды Атажұртының бүгінгі келбетін көрсін деп ЭКСПО-ға орай шақырдық - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы қандас бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп әдейі ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде өткізіліп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрылтай баламалы энергия бойынша Жер жүзінің инновациялық жетістіктерін паш ететін ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтуде. Біз әдейі осылай байланыстырдық. Себебі бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аударып отырған үлкен шара. Біз қандас бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп Сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Бар болғаны 15 жылдың ішінде бой көтеріп, дүниені таңқалдырған елордамыз - Астананың өсіп-өркендеп жатқанын көрсін, қуансын деп ойладық. Кеше жаңадан салынған театрда болдыңыздар, Қазақстанның марқайған, көркейген астанасын көрдіңіздер, әлі де аспай, саспай, елге келіп, аунап-қунап, біраз көріп қайтыңыздар», - деді Президент Құрылтайдың ашылу салтанатында. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында барша қазақ жұрты қандай қиыншылықтарды бастан кешкенін еске алды.

«Алғашқы құрылтайдан бері, мінекей, 25 жыл өтті, барлығы да менің есімде. Адам бастан кешпеген қиындықтарды көрдік, XX ғасырда қазақтың басынан өтпеген зұлмат жоқ. Бірақ тәуелсіздік жылдарында да оңай қиын кездер болған жоқ. Ресей Патшалығы мен Кеңес одағының қоластында 150 жылдан аса бодан болдық. Түрлі зобалаңдарды бастан өткердік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикамыз тұралап, 2 миллион халық жұмыссыз босып қалды. Не жалақы, не зейнетақы төлей алмай, тақырға отырып қалған кездер болды. Дегенмен, күллі қазақтың жұмыла жұдырық болып бірігіп, ел болып жұмыс істеуінің арқасында келелі, үлкен табыстарға қол жеткіздік. Жалпы орташа деңгейде өмір сүретін халықтардың көрсеткішіне қол жеткіздік. 40 проценттік кедейшілікті 3 процентке дейін төмендеттік. Тәуелсіздік жылдар ішінде экономикамызды 22 есе өсірдік. Елдің табысы да 20 есе артты. Бүгінгі қазақтың жағдайы, өмірі, тұрмысы еш уақытта қазақ тарихында болған емес. Бұл тарих тұрғысынан қасқағым сәт деп айтуға болады, бірақ тұтас дәуірге татитын дәуір болды деп айтатынымыз осы. Еліміздің болашаққа бастар бағыты мен мақсаты да айқын», - деп қорытты ойын Елбасы.

Айта кетейік, Астана қаласында дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өз жұмысын бастаған болатын. Құрылтай жұмысына барлығы 800 делегат пен қонақ қатысуда, оның 350-і алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Бұл - ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысуда.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының баспасөз орталығында 150 отандық және шетелдің БАҚ өкілдері ақпарат таратуда.

1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.

Соңғы жаңалықтар