Батысқазақстандықтар Наурыз мерекесіне орай қарағай көшеттерін отырғызды (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 21 наурыз күні облыс орталығына іргелес орналасқан Теректі ауданы Подстепный ауылы маңында әуежайға апаратын жол бойында қарағай көшеттері отырғызылып, оған өңірдегі этномәдени бірлестіктер жетекшілері, ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, студент жастар, Орал қаласының тұрғындары қатысты.

Шараға келіп, қарағай отырғызған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, күн мен түннің теңеліп, тіршілік біткеннің жаңадан оянатын тұсы болып есептелетін Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырған. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз осыдан қалған болуы керек. Сондай-ақ наурызда көзі ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егілген талдың саясы мен жемісі мол болады деп сенген. Сондықтан отырғызылған ағаш көшеттерін көздің қарашығындай сақтап, баптап-күту де ерекше маңызды.

Бұл күні 200-ден астам қарағай көшеттері сап түзеді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Орал қаласында қарағай, шырша секілді қылқан жапырақты ағаш отырғызу жұмысы қарқын алды. Биылғы наурыздың өзінде қала көшелері мен жол бойында 600-дей жасыл көшет егілмек. Ал сәуір айында түрлі ағаштардан 7 мыңдай бұта егілмек.

Соңғы жаңалықтар