Батысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан бір топ батысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Салтанатты жиында Ақ Жайық жұртшылығын құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, бұл - ата-бабаларымыздың арманы ақи­қатқа айналып, азаттыққа қолы­мыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл - ұрпақтарымыз ұлы елдің ұла­ны, азат елдің ақиығы атануы­на жол ашылған қастерлі күн. Бұл - тілімізді жаңғыртып, дініміз­ді қайтарған, тарихымызды түген­деп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік - тәуекелі жет­кен­дердің ғана пешенесіне бұй­ыратын бақыт.

«1991 жылдың 16 желтоқсанында әлем ұлттары шоқжұлдызында жаңа жұлдыз - Қазақстан Республикасы жанды. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан жолын бастадық. Біз ұлы миссияны жүзеге асырдық - Тәуелсіздіктің көшбастаушылары болдық. Уақыт - зымыран. Тәу­елсіз Қазақстан дүниеге келген сәттегінің бәрі - бүгін мәңгілікке алыстап бара жатқан тарих. Сол кездегі уақыт туралы біз қазіргі ұлы жетістіктерді салыстырып, пікір айтамыз. Жиырма үш жыл бұрын біз әлем елдері ішінен экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасуды армандаған едік. Ал қазіргі таңда Қазақстан әлем­дегі бәсекеге аса қабілетті елу­ліктің қатарына енді. Бұл - Тәу­елсіздік жылдарындағы үлкен мақтанышымыз.

Елбасымыз «Біз туған елімізді бейбітшілік бесігіне айналдыра білдік. Елімізде тыныштық арқы­лы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық салтанат құрды. Бірлік, береке - біздің басты байлығымыз, құнжетпес қазынамыз. Егер тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұ­рақтылық, тілегіміз татулық бол­са, онда еліміз тарихтан лайықты орнын алады. Тәуелсіз­дік халқы­мызды бейбітшілік пен келісімнің сақтаушысы - Ассамблея­ның бі­рыңғай шаңырағы­ның астына топтастырды. Біздің рухани бірлігіміз - зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы» деген болатын.

Биылғы 11 қарашада Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын жария етті. Ол Қазақстан халқы ғана емес, әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыр. Мәселен, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары, ханзада Зейдәл-Хусейн бұл Жолдау қазақстандықтардың бойына ертеңгі күнге деген сенім ұялататынына назар аударды. Ол қоғамда этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңыз­дылығы туралы идеяны әмбебап деп санап, оны өзге елдерге де қолдануға болатынын айтады. Бұл - елімізге берілген үлкен баға», - деді әкім.

Бұдан кейін облыс басшысы мемлекеттік наградаларды табыс­ етті. «Құрмет» орденімен облыстық мәслихат депутаты, «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов, Ауған соғысы ардагерлері облыстық қоғамының төрағасы Тахир Қощанов, Ғ. Құр­манға­лиев атындағы облыстық филармонияның әртісі Ермек Қазиев, «СВ плюс» ЖШС-ның директоры Сәбит Өтебәлиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалін Ғ. Құр­манғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаскелең Ғайсағалиев, «Қазақстан» РТК» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев, «Орал терми­нал» ЖШС-ның директоры Мұрат Жәкібаев, Ақжайық ауданы әкімі­нің орынбасары Меңзипа Жұма­това, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның операторы Мәрзия Қыдырәлиева, Қазталов ауданындағы К. Меңдә­лиев атындағы орта мектептің мұғалімі Бейбіт Мұқанов өңірлеріне тақты. Ал «Шапағат» медалін «Ақ отау» жанұя орталығының төрайымы Алтынай Есқалиева, облыстық онкологиялық диспан­серінің мейірбекесі Гүлнар Жұма­ғазиева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері Вероника Захарова иеленді. «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» құрметті атағын облыстық қазақ драма театры­ның әртісі Ербол Есендосов алды. ҚР Құрмет грамотасына ие болғандар­дың қатарында Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығының басшысы Ербол Құрманғалиев, об­лыстық туберкулезге қарсы дис­пансерінің санитары Елена Приказчикова, Қаратөбе ауданындағы «Нұрқанат» шаруа қожалығының жетекшісі Қалимұрат Сариев бар.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар