Батысқазақстандық желаяқ 110 шақырымды тоқтаусыз жүгіріп өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық желаяқ Баубек Ілиясов 110 шақырымды жүгіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазталов ауданы орталығында тұратын 25 жастағы Б.Ілиясов жүгіруді таңғы сағат 05.30-да Сарықұдық ауылынан бастады.

Содан, 14 градус аязда Қазталов ауылына дейінгі жолды (110 км) 12,5 сағатта тоқтаусыз жүгіріп өтті.

«Негізі, 100 шақырымға дайындалып едім. Одан ұзақтау болып шықты. Бұдан бұрын 60 шақырымға жүгіргенмін. Мұны өзіндік рекордым деуге болады. Күн суықта желге қарсы жүгіру қиын болды», - дейді Баубек.


Желаяққа Сарықұдық ауылынан бастап сөреге дейін медициналық маман көлікпен ілесіп жүрген.

«Қиын жерлерде достарым бірге жүгіріп, қолдады. Қасымда туған інім Назар Нәсибуллин болды. Машинамен дәрігер де ілесіп отырды. Қатты шаршағаныммен, алдымнан мені қошеметпен қарсы алуға жиналған қалың топ көрінгенде, күш-қуатым қайта оралғандай болды. Ең бастысы, алға қойған бір мақсатым орындалды. Енді Алматы қаласында биылғы көктемде өтетін марафонға қатысып, өңірдің, туған ауданымның атын шығарсам ба деймін», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Ілиясов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Баубек Ілиясовтың атақты желаяқ Марат Жыланбаевтың жолын қуғысы келетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар