Батысқазақстандық жастар Мемлекеттік туға құрмет көрсетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай мерекелік шаралар өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Жастар мәдениет үйінің ұйымдастыруымен шаһардың көрікті орындарында «Туған елім – көкке жетті көк туым» атты флешмоб түсірілді.

Мәдениет үйінің директоры Медет Мерғалиевтің айтуынша, ҚР тұңғыш Президенті алаңы, мәдениет және демалыс саябағы және қала маңындағы тау етегінде флешмобты түсіруге отыз адам қатысты.

Олардың арасында ҚР Ұлттық ұланы 5517-әскери бөлімінің сарбаздары, Бұлбұл Сапарғалиева, Мейрамгүл Танатова жетекшілік ететін «Салтанат» би ансамблі және Жастар мәдениет үйі әдістемелік кабинетінің қызметкерлері болды.

«Шара мақсаты – қала тұрғындары мен өңір жастарының мемлекеттік рәміздерге деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық рухты көтеру. Көк байрағымыз тұтастық пен бірліктің құдіретті белгісі екенін көпшілікке сезіндіре түсу», деді М.Мерғалиев.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай сондай-ақ Жастар мәдениет үйінің «Мақтанышым – мемлекеттік рәміздер» атты онлайн концерті, «Рухты асқақтатар рәміздер» деген тақырыпта викториналық сұрақтар, қалада басқа да шаралар ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар