Батысқазақстандық үшемдер биыл мектепке барады

None
None
ОРАЛ. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Бұдан алты жыл бұрын, 2003 жылғы қаңтардың 24-інде дүниеге келген үшемдер Эльвира, Эльдар, Эльнора Тоқтасыновтар биыл Орал қаласындағы №20 орта мектептің табалдырығын аттамақшы,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалардың анасы мен әкесі, №30 орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Анар Мұхамедиева мен Тұрлан Тоқтасынұлының айтуынша, бүлдіршіндер өте пысық, екі жасынан бастап №30 «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеленген. Әріп таниды, жүзге дейін санап, ән салып, би билейді. Үшемдерге қамқорлық жасаушылар да аз емес. «Жас өркен» қоғамдық жастар бірлестігі балаларға оқу құралдары мен сөмке сыйласа, Оралдағы үш жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын - «Батыс Қазақстан автобус паркі», «Оралавтотранс», «Уралтехсервис» ЖШС үшемдердің қоғамдық көлікте тегін жүруіне мүмкіндік жасады. Теректі ауданы Шағатай ауылының азаматы Ерболат Нысанбаев үш жыл бойы бала басына ай сайын екі мың теңгеден беріп келсе, тағы бір кәсіпкер Мирғали Қаражанов алғашқы қоңырау салтанатына 50 мың теңге көрімдік берді.

Үшемдердің ағасы Ернар Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжінде білім алса, апасы Жазира №10 мектептің 10-сыныбында оқиды.

Соңғы жаңалықтар