Батысқазақстандық университетте студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен Қазақстанның батыс өңірінде алғашқы болып іске қосылған аталмыш орталық «бір терезе» қағидаты бойынша осы университетте білім алатын 5 мыңнан астам студентке тез де сапалы қызмет көрсетеді.
null

Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын атап өтті. Осыған орай еліміздің дамуына маман әрі тәуелсіз елдің азаматы ретінде қандай үлес қоса алатыны жөнінде жастар да ойлануы керек.

null

«Елбасы білім саласына тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері айрықша назар аударып келеді. «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды, Назарбаев университеті, зияткерлік мектептері жұмыс жасауда. Лицейлер жаңа құрал-жабдықтармен қамтылуда. Президенттің бес әлеуметтік тапсырмасына сәйкес қосымша гранттар бөлінуде. Сол грант иелері осы университетте де білім алуда. Екіншіден, қазір цифрландыру бағытында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Жұмыстың бәрі автоматтандырылғаннан кейін ол жерде санаулы мамандар ғана жұмыс жасайтын болады. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына тек білім арқылы ғана жете аламыз. Сондықтан бүгінгі орталық та студенттердің жан-жақты білім алуына септесетін болады», деді өңір басшысы.

null

Университет ректоры Асқар Нәметов осылайша «Смарт университет» жобасының жүзеге асырыла бастағанын, аталмыш орталықтан оқытушылар да көптеген қызмет түрін жедел ала алатынын жеткізді.

Айта кетейік, орталықта оқу орнындағы бес факультетке арнайы терезе жасақталған. Тағы біреуінде құрылым басшысы мен есепші отырады. Білім алушыларға барлығы 35 қызмет түрі көрсетіледі. Студенттер алдағы жылдың 1 қаңтарынан бұл қызметтерді онлайн жолымен де ала алады. Әр студенттің өзі білетін құпиясөзбен құлыптанған жеке кеңсесі болады, онда білім алушыға қатысты барлық мәлімет жинақталады.

Соңғы жаңалықтар