Батысқазақстандық спортшы тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан өтіп жатқан әлем чемпионатында батысқазақстандық Әсет Қайыржанов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткеніндей, Әсет тоғызқұмалақтың блиц түрінен үздік шықты.

Қырғызстандық Анарбек Джамакеев екінші, тағы бір қазақстандық Медет Хұсайынов үшінші орынға ие болды.

Осылайша, Ә.Қайыржанов ересектер арасында Батыс Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Әсет Бауыржанұлы 2000 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Оралдағы мектептен тыс жұмыс орталығы жанынан ашылған тоғызқұмалақ үйірмесіне 2010 жылы қабылданып, жаттықтырушы Қанапия Қаяпбергеновтің қоластында осы ұлттық спорт түрімен шұғылдана бастаған. 2018 жылы қаладағы №19 орта мектепті үздік бітірген. Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша түлегі (2022 жыл).

Жасөспірімдер және жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып үлгерген Әсет Қайыржановты қазіргі кезде БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт шеберлігі мектебінде бапкер Жарасхан Сағынбаев жаттықтырады.

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан әлем біріншілігі жексенбі күні мәресіне жетеді. Соңғы екі күнде рапид шеберлері сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар