Батысқазақстандық сақшылар Наурыз мерекесін ерекше атап өтті (фото)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде сайыс түрінде ұйымдастырылған «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты мерекелік шараға түрлі ұлт өкілдері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Департаменттің баспасөз қызметінен Асылай Ғұбашеваның хабарлағанындай, ғимараттың төрт бірдей қабатында бірнеше бөліністердің бірігуімен Наурыз мейрамына орай дастархан жайылып, ұлттық киім киген қызметкерлер мерекелік бағдарлама әзірледі.

Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулиннің атап өткеніндей, БҚО ішкі істер органында 11 ұлт өкілдері қызмет етеді. Олар бір-бірінің салт-дәстүрін, мейрамдарын құрметтей біледі. Биыл ҚХА жылы болғандықтан, Наурыз мерекесі де соған орайластырылып отыр. Ортақ шаңырақ астында тәртіп сақшылары бір үйдің балаларындай ұйымшылдықпен түрлі салт-дәстүрді көрсете білді. Мәселен, бір қабатта беташар рәсімі көрсетілсе, келесісінде сәби бесікке салынды. Наурыз мейрамының басқа елдерге де ортақ екендігі ескеріліп, қазақ, орыс, молдован, украин, белорус, өзбек халықтарының билері биленді. Қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, халық әндеріне кезек берілді. Арқан тарту сайысы ерекше жігермен өтті. Мерекелік дастарханға өзге халықтардың ұлттық тағамдары да қойылды. Сайыс соңында қазылар алқасының шешімімен Наурыз мейрамына белсене қатысқан барлық командалар түрлі аталымдар бойынша алғысхат, дипломдармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар