Батысқазақстандық күйшіге консерваторияның құрметті профессоры атағы берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында белгілі күйші, республикалық «Үкілі домбыра» байқауларының жүлдегері, домбыра жасау шебері Едіге Нәбиевтің шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тібалшісі.

«Өрісті өнер өнегесі» атты шара күйшінің 70 жасқа толуына орайластырылды.

Кеш барысында Едіге Нәбиевтің шығармашылығына арналған «Өрісті өнер өнегесі» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында кітапты құрастырғандардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, профессор Кәрима Сахарбаева болса, екінші автор - оралдық журналист Нұртас Набиоллаұлы.

Алматыдан арнайы келіп, шараны жүргізген Кәрима Сахарбаеваның мәлім еткеніндей, кітап үш бөлімнен тұрады. «Өнерден өнеге» бөліміне негізінен күйші туралы материалдар енгізілді. «Бабадан - аманат» бөлімінде Едігенің әкесі, заманында өзі де домбыра шертіп, жыр төгілткен Қуанғали Нәбиұлының мұрасы топтастырылды. «Күй күмбезі» бөліміне Едіге Қуанғалиұлы тартатын күйлердің түсініктемелеріне қоса ноталары берілді.
null

«Едіге 1978-1982 жылдары Алматыда жүрген кезінде оның әншілік талантын таныған Ғарифолла Құрманғалиев эстрада-цирк колледжіне шақырды. Ғазиза Жұбанова Қазақ консерваториясында оқығанды қолай көрді. Әйтсе де ол сол кезде республиканың спорт саласында лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде Қазақстан бойынша одақтық олимпиадалық резерв жаттықтырушысы, әдіскері болып, спортшыларды Мәскеу Олимпиадасына баптап апарушылардың қатарынан табылды. Дегенмен тектен, ата-бабадан қанға сіңген талант жарып шықпай қоймайды екен. Ол - құймақұлақ күйші, орындаушылық шеберлігі ерекше, қуып емес, домбыраны бипаз, сырбаз тартады. Бұл кітапқа сирек орындалатын, сонымен қатар жаңа күйлер енгізілді. Мұны Едігенің қазақ өнеріне қосқан үлесі деуге толық болады. Сонымен қатар ол - домбыра жасау шебері. Қазақта қазір өзі домбыра жасайтын, өзі күй орындайтын Едіге ғана. Өткен жылы Құрманғазының 200 жылдығы аясында күйші домбырасының көшірмесі мен Ерғали аспабының түпнұсқасын Алматыға әкеліп, Ықылас атындағы аспаптар мұражайына тапсырып, өзі концертте орындаған күйлері арқылы көпшілікті мойындатуы оның сирек өнер иесі екендігін танытады», деді Кәрима Сахарбаева.

Шара барысында К.Сахарбаева Едіге Нәбиевке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атағы берілгенін айтып, дипломын табыс етті.
null

Шынында да бұл күй күмбірлеген кеш болды. Едіге күйлерді өзіне тән мәнермен, баппен орындай білді. Ол әдетте өзі орындайтын шығармалардың тарихын айта кеткенді жөн көріп отырады. Мысалы, Ақбикештің «Айнам қалды» күйі қыздың мұңы болса, сүйгенінен айырылған Соқыр Есжанның «Қош аман бол, Ақбикеші» жігіттің зары іспеттес. Байдың қамшысы тиіп, бір көзі соқыр болып қалғандықтан, Соқыр Есжан атанып кеткен күйшінің «Соқыр Есжаны» кейін атақты композитор Мұқан Төлебаев «Біржан-Сара» операсында қолданғандықтан, шетелге де танылған туындыға айналды. Міне, осы үш күйді қатар орындаған Едіге Нәбиев махаббатты аяқасты еткен сол қатыгез заманды елестеткендей болды.
null

Зерттеуші Кәрима Сахарбаеваның пайымдауынша, «Айнам қалды» күйін кезінде Батыс Қазақстанға белгілі болған, күйшілер әулетінің бәйтерегі Есел Қазиевтей, тіпті одан күрделірек орындайтын Едіге Нәбиев қана. Басқа да туындылардан Есел Қазиев сынды ескі де есті күйшілердің сарыны байқалып тұрды.

Бұл күні филармонияға келген халық күймен сусындады, күймен тыныстады. Күймен де халық рухын көтеруге болатынын терең сезінді.
null

Едіге Нәбиевті мерейтойымен замандастары, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, танымал күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев және басқалар құттықтап, көрермен көңілінен шыққан туындыларды орындап берді. Қазіргі таңда Едіге шебер жасаған домбыралар көптеген өнерпаздардың қолында жүр. Сол аспаптың біреуімен орыс қызы Полина Ищенконың күй төгілтуі соның айқын дәлеліндей көрінді.
null

Бұл кеш күй деген қазақтың ұлы мұрасының мәңгілік өшпейтіндігін тағы бір паш етті.

Шара соңында Е.Нәбиевке жаңадан құрылған Қазақстан Күйшілер одағының №7 мүшелік билеті тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар