Батысқазақстандық кәсіпорындар қайткенде бәсекеге қабілетті бола алады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру бағытында тиісті шаралар қолға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық кәсіпорындардың ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі төмен екендігін атап өткені мәлім.

Ендеше, бұл олқылықтың орнын толтырып, тұйықтан шығу үшін не істеу керек?

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, бәрі қалыпты сияқты. Мұны Батыс Қазақстан облысының мысалынан көруге болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өңірдің өңдеу саласында 90 млрд теңгенің өнімі өндірілген, бұл өткен жылғыдан 11,2 пайызға көп. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, өнім көлемін өсіру. Өткен жылы бұл көрсеткіш 200 млрд теңге болса, биыл оны 210 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.

Ең алдымен өнімдеріміздің өңірдің немесе еліміздің ішкі қажетін ғана өтеп қоймай, экспортқа бағытталғаны маңызды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар аясындағы экспорттың негізгі өнімдері мыналар – күштік трансформаторлар, ұнтақ шарлар, полиэтилен тұрбалар, әйнек, кондитер, қалбыр және макарон өнімдері.

Елбасы тапсырмасына сәйкес отандық экспортерлерді қолдауға 500 млрд теңге бөлінген.

Облыс бойынша осы қолдау-көмекті «Кублей», «Стекло-Севрис» және «КазАрмаПром» ЖШС сынды кәсіпорындар пайдаланып үлгерген. Алайда барлығы бірдей бұған қол жеткізе алмай отыр. Неге? Себебі бірқатар экспортерлер қажетті ақпаратты дер кезінде алмаған соң, мемлекеттік қолдаудан тыс қалады.

Қазіргі кезде Сауда және интеграция министрлігі құрылғаны белгілі. Оның басты міндеті – отандық кәсіпорындардың сыртқы нарыққа өнім шығаруына жәрдемдесу. Ендеше, осы мүмкіндікті неге толығынан пайдаланбасқа?

Бұл ретте, әрине, өнімнің сапасы мен өтімділігін ұмытуға болмайды.

Батыс Қазақстанның еліміздің өзге өңірлерінен бір айырмашылығы, Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Оған қоса Қазақстанның ірі мұнайгаз өндіретін облыстары да көршілес орналасқан. Бұл кәсіпкерлікті дамытып, сыртқы нарыққа өнімді көптеп шығаруға мүмкіндік береді.

Тағы бір айтатын жайт, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп-ақ келеді.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2015 жылдан бері өңірде құны 91,3 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылып, 1500 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Алайда осының ішінде «Каризма» жиһаз цехы мен «Кроун Батыстың» мал бордақылау алаңы жұмыс жасамай тұр. «Кроун Батыс» бойынша жұмыс жүргізіліп, инвестор бұл жобаны қолға алмақшы.

Осы жерде айта кетейік, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Crown Батыс» ЖШС мен «Қазагро» холдингінің еншілес компаниясы – «ҚазАгроӨнім» АҚ бірлесіп жүзеге асырған жоба (құны – 3571,2 млн. теңге) 2010 жылғы желтоқсанда іске қосылып, 8640 басқа арналған мал бордақылау кешені пайдалануға берілген еді. Әйтсе де экологиялық жағынан таза, жоғары сапалы сиыр етінің басым бөлігі Ресейге жөнелтіледі деп көзделгенімен, кейін бұл бордақылау алаңы қаңырап, бос қалды. Бұл жоспарлау кезінде қателіктер кеткендігін көрсетеді. Шын мәнісінде бордақылау алаңы жұмыс жасаған жағдайда осыншама малды қайдан алады, соның бәрін алдын ала ойластыру керек қой.

Қазіргі кезде облыста осы бағытта бірнеше жоба қолға алынуда. Айталық, Теректі ауданында «Сырым KZ» шаруа қожалығы 3 мың басқа арналған, «Мясная индустрия» ЖШС Қазталовта 5 мың басқа арналған (екі жобаның да құны – 1 млрд теңге), «Taskala-Et BKO» Тасқалада 5 мың басқа арналған (1,3 млрд теңге) мал бордақылау алаңын салуда. Осы жобаларды жүзеге асырған кезде алдыңғы жіберілген қателіктер қайталанбаса дейміз.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі актив отырысында нақты міндеттер қойып, соның ішінде статистикалық мәліметтердің ретке келтірілуін талап етті. Айталық, биылғы 1 маусымда 700 мың бас ірі қара, 208 мың бас жылқы, 26 мың бас шошқа, 1,4 млн бас қой, 280 мың бас ешкі. 2,8 мың бас түйе, 1,4 млн бас құс санаққа іліккен. Дегенмен өңірде іс жүзінде осыншама мал бар ма, әлі де нақтылауды қажет етеді. Сол секілді облыс халқы газбен 95,4 пайыз қамтылған делінеді. Әйтсе де газ құбыры кей жерлерде ауылдарға жеткізілгенмен, тұрғын үйлерге тартылмаған. Баға да әр түрлі, кей жерде бұл тұрғындарға қымбатқа түсуде. Осының бәрін реттеу қажет-ақ. Қай салада болсын, нақты жағдайды біліп отыру үшін дәл деректер керек.

2018 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бойынша Батыс Қазақстан республика өңірлері арасында Жамбыл облысынан кейін ең соңғы орында қалғаны белгілі. Ал көршілес Маңғыстау және Атырау облыстары алдыңғы үштікте тұр. Мұны да түзеу алдағы күндердің еншісінде.

Ең бастысы, қалада болсын, ауылда болсын, кәсіпорындардың қалыпты жұмыс жасап, бәсекеге қабілетті болуы ең алдымен өздеріне пайдалы, екіншіден, Президент алға қойып отырған негізгі мақсат – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар