Батысқазақстандық кәсіпкерлер кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыстық мәслихат депутаттары шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, алдағы сайлау мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Серік Сүлеймен мәлім еткендей, кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді халықтың барлық топтары, соның ішінде кәсіпкерлер қолдап отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін биылғы 19 наурызда тоқтатқаны белгілі. Содан кейін мемлекет тізгінін өз қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

«Осы кезге дейін Қазақстан Елбасының бастауымен көптеген табыстарға қол жеткізіп, әлемнің дамыған елу елінің қатарына енді. Ендігі мақсат - Тұңғыш Президенттің сара жолын одан әрі жалғастыру. Бұл ретте биліктің ауысуын ешқандай толқусыз, кедергісіз өткізудің маңызы зор», - деді Серік Сүлеймен.

С.Сүлеймен «Nur Otan» партиясының 23 сәуірде өтетін съезінде кандидат ұсынылғаннан кейін сайлауалды штаб жұмыстарының ретімен қолға алынатындығын жеткізді.

Кездесуде сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Салтанат Тұманбаева, Ляна Тұрсынова және басқалар өз пікір-пайымдарын білдірді.

«Кезектен тыс президенттік сайлаудың біздер, кәсіпкерлер үшін маңызы зор. Барлық жұртшылық өкілдері сияқты, біздерге де керегі - тұрақтылық, тәуелсіздік алғаннан бері күллі әлемге мәлім болған еліміздің одан әрі қарқынды дамуы. Сондықтан алдағы сайлауға кәсіпкерлер палатасы, депутаттар да белсене қатысатыны анық. Ертеңіміз жарқын болуы үшін өз басшымызды дұрыс таңдап, сайлап алуымыз керек», - деді кәсіпкер Ляна Тұрсынова.

Соңғы жаңалықтар