Батысқазақстандық ғалымдар Жәңгір ханның ізі қалған өңірді зерттемек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы сапарға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Киелі жерлер географиясы» жобасы аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұйымдастырып отырған жорық мақсаты - БҚО-ның Жәнібек ауданымен шектесетін Волгоград облысы Палласов ауданы аумағында болып, Жәңгір ханның ізі қалған тарихи орындарды зерттеу.

Экспедиция жетекшісі, университет жанындағы Жәңгір хан музейінің меңгерушісі Нұржан Төлеповтің айтуынша, ғалымдар Кумысолечебница елді мекені маңындағы «Хан бөгетіне», басқа да көне орындарға барып, тарихи деректерді, аңыз әңгімелерді жинастырады. Тарихи ескерткіштермен қатар табиғи орындар назардан тыс қалмайды. Құлпытастар да суретке түсірілмек.

Жәңгір хан - әкесі Бөкейден кейін Бөкей хандығын 1824-1845 жылдары басқарған белгілі тұлға. Ол 1826 жылдан бастап қазіргі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында Жасқұс құмының етегінен өз ордасын салды. Қазақтар арасында отырықшылық тұрмысты енгізіп, тұңғыш рет мектеп, дәріхана секілді қажетті нысандар тұрғызды. Бұл оның қыс қыстауы болса, хан қазіргі кезде Волгоград облысы аумағындағы Тарғын өзені бойынан жазғы ордасын салғызды. Өзі де осы жерден өмірден өтті.

null

Ал Кумысолечебница деп аталатын мекенде атақты ақын Шәңгерей Бөкеевтің қос қабатты үйі орналасқан-ды. Бұл тарихи мекенде Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш сынды Алаш қайраткерлері бас қосып, 1911 жылы «Қазақстан» газетін шығаруды ұйғарды.

Бірнеше күнге созылатын экспедиция қорытындысына сәйкес арнайы жинақтар жарық көрмек.

Еске сала кетейік, бұл - аталмыш университет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған осындай екінші шара. Бұдан бұрын Индерге дейінгі экспедиция барысында тың олжалар табылғанын жазған болатынбыз.

null

Соңғы жаңалықтар