Батысқазақстандық бес оқушыға «ЭКСПО-2017» көрмесіне жолдама берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «25 жұлдызды күн» аясында ашық есік күні өтіп, оған өңірдің бес ауданынан келген 200-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, шараға аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, оқу мен спортта, өнерде алда жүрген балалар шақырылды. Олар бұл күні мектеп ішін аралап, сабақтарға қатысып, жас өнертапқыштардың ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. Өздерімен шамалас құрбы-құрдастарымен пікір алмасып, ой-идеяларымен бөлісті.

Зияткерлік мектеп мұғалімдері «Сиқырлы математика», физикада «ТехноLab», қазақ тілі, тарих, географияда «Тілім, тарихым, мекенім», биологияда «Miracle Of Life», информатикада «Robotics» деп аталатын бағыттарда қызықты зертханалық тәжірибелер, танымдық ойындар көрсетті. Робот техникасы, авиамодельдеу, көзеші өнері бойынша шеберлік сағаттарын, химиялық тәжірибелер шоуын ұсынды. Сондай-ақ оқушылар мектептің «Туған елге тағзым», «Шаңырақ», «TEDx NIS», «Қазақтың 100 күйінің тарихы», «100 кітап», «100 қазақ әні» және «Bookcrossing», «Қазақша Wikipedia» секілді негізгі жобалары, әлеуметтік тәжірибелер, машық түрлері, үйірме жұмыстарымен танысты.

Ашық есік күнінің соңында осы оқушылардың арасынан сырымдық Ару Әлмұратоваға, зеленовтық Зайнель Каршгиеваға, бөрлілік Альбина Медетоваға, ақжайықтық Ілияс Маратовқа, теректілік Ләззат Аблаеваға Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰҰ-ның жанындағы бескүндік жазғы лагерьге қатысуға сертификат берілді. Бұл сертификаттың қаржысын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген қайырымдылық көрме-жәрмеңкелер арқылы жинаған еді.
Салтанатты жабылу рәсімінде өңірдің жас әншілері Данияр Рахметжанов пен Алина Герц танымал «07 аймақ» әнімен Тәуелсіздікке орайластырған бұл күннің көркін кіргізді. Әннің әуенімен барлық оқушылар «Алға, Қазақстан» флешмобын биледі. Кейін барлығы мектеп ауласына шығып, «Биікке самғаймыз!» деен ұранмен зияткерлердің «Авиамодельдеу» үйірмесінде жасаған ракетасын ұшырды.

Айта кетейік, бұл күні барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Бірыңғай ашық есік күні» өтті. Оған еліміздің 4000-ға жуық оқушысы қатысты.

Соңғы жаңалықтар