Батысқазақстандық ардагер С.Юлаевқа «Мәскеу үшін шайқасқа 70 жыл» төсбелгісі табыс етілді

None
None
ОРАЛ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Яковлевич Юлаевқа «Мәскеу үшін шайқасқа 70 жыл» төсбелгісі табыс етілді.

Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин жолдаған алғысхатты және төсбелгіні аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Бекен Бердіғалиев пен Чапаев ауылының әкімі Зейнолла Нұрмұхамбетов табыстады.

Сергей Яковлевич 94 жаста. Жасы ұлғайғанымен, қарияның сол кездегі майдан даласында бастан кешкендері әлі жадында. Ол соғысты 1941 жылдың 26 маусымында Вязьма стансасынан бастады, Мәскеуді қорғады. С.Юлаев бұдан кейін Курск-Орел шайқасына қатысты. Батыс Беларусь, Польша жерлерін неміс басқыншыларынан азат етті. Соғысты Берлинде аяқтаған қария Эльба жағалауында американдық жауынгерлермен кездескендердің қатарында болды. Ол соғыстан 1946 жылы көптеген жауынгерлік наградалармен елге оралды.

Сергей Яковлевич пен оның жұбайы Евдокия Дмитриевна Юлаева жерлестерінің қамқорлығына алғыстарын білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматованың айтуынша, қазіргі кезде ауданда 12 майдангер қалды. Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай олардың бәріне де құрмет көрсетілетін болады.

Соңғы жаңалықтар