Батыс өңірлерде заңсыз ауланған 18 тонна балық тәркіленіп, 10 млн теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында бекіре тұқымдас балықтар заңсыз өндіруге қарсы «Бекіре» жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шараны 1 сәуірден бастап ҰҚК Шекара қызметі, табиғатты қорғау прокуратурасы, Кедендік бақылау және балық қорғау органдары бірлесіп өткізе бастады.

«Операция басталған уақыттан бері 269 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде заңсыз аулау, сатып алу және өткізу, 24 балық және балық өнімдерін тасымалдау фактісі тіркелді. Шара барысында 241 құқық бұзушы ұсталды. Олардан 18 тонна балық, соның ішінде 4 тоннадан астам бекіре тұқымдас балықтар, 200 балық аулау, оннан аса жүзу құралдары тәркіленді», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің апталық брифингінде.

22 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған және 225 адам әкімшілік жазаға тартылып, 10 миллионға жуық айыппұл салынған.

«Мысалы, Атырау облысының су полициясы қызметкерлері облыс орталығы тұрғынынан 247 дана немесе заңсыз ауланған бір тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық тәркіледі. Қазіргі уақытта өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және пайдалануға тыйым салынған түрлерін заңсыз пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - дейді Н. Ораз.


Соңғы жаңалықтар