Батыс өңірлерде техникалық мамандық гранттарының саны артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс өңірлерде техникалық мамандық гранттарының саны артады. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік блок бойынша. Бірінші, Еңбек министрлігі жұмысқа орналастыруды және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтап, еңбек саласын сапалы жаңарту жұмысын жүргізсін. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту, «Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін арттыру бойынша шаралар қабылдасын. Ұлттық экономика және Еңбек министрліктері бір ай мерзімде «Халық табысын арттыру» бағдарламасының жобасын әзірлеп Үкіметке енгізсін», - деді Премьер-Министр.

Ал Білім министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер жетпейтін өңірлерге ұстаздарды тарту бағдарламасын әзірлеп, оларды тиісті әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру жүктелді.

«Бұған қоса беделді шетелдік жоғары оқу орындарының бес филиалын оның екеуін Батыс өңірде ашу шараларын қабылдасын. Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасында бірінші кезекте Батыс өңірлерде техникалық бағыттар бойынша гранттар санын арттыру қажет. Халық тығыз қоныстанған өңір жастарының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы граттарды көздеу қажет», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, ол «Қазақстан халқына» қоры қашан құрылатынын айтты.

«Үшінші, Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет, Қорғаныс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселесін қарастырсын. Бүгінгі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін бәріңіз біліп отырсыздар. Барынша бір кісідей жұмылып, үйлесімді жұмыс істеуіміз қажет. Орынбасарларым өз саласы бойынша және мемлекеттік органдарды нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастырсын», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар