Батыс Қазақстаннан Тегеранға ет жөнелтілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс Марка Ламб» ЖШС-дан Иран мемлекетіне ет өнімі жөнелтілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Иран еліне жыл соңына дейін 1500 тонна тоңазытылған марқа етін экспорттау жөніндегі келісім-шартқа сәйкес шілде айында алғашқы өнім Атырау әуежайы арқылы жіберілген болатын. Бұл жолы марқа еті Тегеранға Орал қаласының әуежайынан тікелей тиелді.

«Батыс Марка Ламб» ЖШС - тәулігіне 1400 бас марқа сойып, вакуум каптамасында бөлшектелген ет өндіретін кешен.  Аталмыш жобаның құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылы іске қосылған болатын.  Бүгінде 80-нен астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын республика көлемінде соңғы технологияларға сай ұсақ мал етін өңдейтін және өнімі экспортқа бағытталған алғашқы арнайы кешен болып табылады.

Кәсіпорын 2016 жылы Ресей Федерациясына 180  тонна марқа  етін экспорттаса, биыл жыл соңына дейін тағы 50 тонна марқа етін жеткізуді  жоспарлап отыр.

«Біз экологиялық таза өнім шығарамыз. Сондықтан Иран елінде біздің өнім жоғары бағаланады. Міне, ирандықтармен арадағы келісімнің аясында екінші мәрте тоңазытылған ет жөнелтіп отырмыз. Иран кәсіпкерлерінің өз талаптары бар. Оларға марқа еті керек, әрі еркек мал болуы қажет. Біз олардың  талабын толық қанағаттандыра аламыз. Ал шикізат мәселесінде ешқандай қиындық жоқ. Облыстағы шаруа қожалықтарынан және жеке иеліктегі малды қабылдаймыз. Барлық ветеринарлық-санитарлық қадағалау талаптары сақталалып, етті экспорттауға мемлекеттен рұқсат алынады. Алда өзге де мемлекеттерге ет өнімдерін экспорттау жоспарымызда бар», - деді «Батыс Марка Ламб» ЖШС-нің директоры Руслан Темірболат. 

Айта кету керек, Қазақстан мен Иран кәсіпкерлері арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстар Елбасы Н.Назарбаевтың былтыр Иран еліне барған сапарынан кейін орнай бастады. Кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Иран еліне барып,  кәсіпорындармен келіссөздер жүргізген болатын. Аталмыш жоба - соның нәтижесі.

Мамандар Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жоғары деп бағалайды.  Бүгінгі таңда өңірдің бұл саласына қызығушылық танытушы мемлекеттер бар, олармен серіктестік мәселесі жөнінде келісімдер жүргізілуде.  Ал «Батыс Марка Ламб» ЖШС-нің өнімдері қазірдің өзінде Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Иордания елдерінің назарын аудартып үлгерді. Алдағы мақсат - осы елдердің нарығына шығу. 

Соңғы жаңалықтар