Батыс Қазақстаннан Лондон Олимпиадасына кемінде бес спортшы қатысады

None
None
ОРАЛ. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысынан Лондон Олимпиадасына әзірге бес спортшы әзірленуде.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, олар - Таймұраз Тигиев, Абдулхаким Шапиев (еркін күрес), Алексей Дергунов (байдарка мен каноэде есу), Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі).

Жолдаманы жеңіп алған батысқазақстандықтар бекітілген жеке жоспарлары бойынша дайындалуда. Мәселен, еркін күрес палуандары Владикавказ, Махачкала (Ресей) қалаларында, ескек есушілер Ташмор (Өзбекстан) кентінде өткізілген оқу-жаттығу жиындарына, сонымен бірге күнтізбелік жоспарға сәйкес республикалық және халықаралық жарыстарға қатысты.

Қазіргі уақытта еркін күрес шеберлері Кисловодск (Ресей) қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатысып, мамыр айында Баку (Әзірбайжан) қаласында өтетін әлем кубогы кезеңіне дайындалып жатыр.

Ескек есуші А.Дергунов Беларусь елінде, ал грек-рим палуаны Д.Гаджиев Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынына қатысуда.

Жеңіл атлетші Георгий Шейко ағымдағы жылдың қаңтар айында Шолпан Ата (Қырғызстан), ақпан айында Адлер (Ресей) қаласында, одан соң жергілікті олимпиада резервтерін даярлау орталығының базасы Сарыөмірде қайта қалпына келтіру жиындарына қатысты. Қазір ол Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынында. Содан соң 12-13 мамыр күндері Саранск (Ресей) қаласында жеңіл атлетикадан лицензиялық әлем кубогы кезеңіне (50 шақырымға спорттық жүру) баруды жоспарлап отыр.

2011 жылдан осы уақытқа дейін аталған үміткерлердің оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуына 31,6 млн. астам теңге жұмсалды.

Олимпиадаға қатысуға үміткер спортшылардың сапалы дайындалуын ұйымдастыру мақсатында қажетті материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалуда. Үміткерлердің бәріне әртүрлі деңгейде жалақы тағайындалып, пәтермен қамтамасыз ету жағдайы басты назарда. ХХІХ олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Т.Тигиевке және 2010 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, олимпиада ойындарына қатысу құқығын жеңіп алған еркін күрес шебері А.Шапиевке пәтер берілді.

Алдағы Олимпиада ойындарына тағы да 2 лицензия ұтып алу жоспарда бар. Олар - садақ атудан Анастасия Баннова, академиялық есуден Григорий Феклистов.

Жеті жолдамаға қол созған батысқазақстандықтар Олимпиада ойындарында екі медальды жеңіп алуды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар