Батыс Қазақстаннан Иранға 1700 тонна ет экспортталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы ағымдағы жылдың соңына дейін Иран еліне 1700 тонна ет экспорттамақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған өңірдің әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасымыз ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйвері болуы керек деп атап өтті. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз жұмыс жасаудамыз. Өткен және биылғы жылдары егіс өнімдерінің жоғары көрсеткіштері тіркелді. Биыл өнім көрсеткіші 15 пайызға көп. Мал басы 10 пайызға өсіп отыр», - деді ол.

Осы ретте Алтай Көлгінов Елбасының былтырғы Иранға сапары Батыс Қазақстан облысының экономикасы үшін жақсы мүмкіндіктер ашқанын баса айтты.

«Елімізде ет экспортына ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Осы орайда өңіріміздің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының бірі - «БатысМарқаЛамб» Иран еліне тұрақты түрде ет экспорттауда. Биылғы жылдың соңына дейін  1500 тонна ет жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда әуе рейстері арқылы апта сайын қарқынды түрде тасымалдануда. Сонымен қатар «Кублей» кәсіпорны жылдың соңына дейін келісімшартқа сәйкес 200 тонна мұздатылған қой етін Иранға экспорттауда»,-  деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар