Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей облыстарында коронавирус өршіп тұр

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанмен көршілес Ресей облыстарында коронавирус өршіп тұр. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Н.Мұстаевтың айтуынша, соңғы тәулікте Ресейде 3 398 адамнан індет анықталды. Соның ішінде БҚО-мен шектесетін Самара облысында – 55, Саратовта – 64, Орынборда – 17, Волгоградта – 29, Астрахан өңірінде 38 адамның сырқаттанғаны тіркелді.

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері дерт жұқтырған 9 605 науқастың 5 033-і – ауру белгісі бар, 4 572-сі – симптомы жоқтар.

Соның ішінде қаңтарда – 7 098, ақпанда – 2412, наурызда – 74, мамырда – 1, маусымда 4 адамнан коронавирус табылды.

Облыс жасыл аймақта тұрғанымен, шілде айында індеттің қайта көбейе бастағаны алаңдатады. Осы айда 15 науқастың 9-ы Орал қаласында, үшеуі Бөрлі, екеуі Жаңақала және біреуі Бәйтерек ауданында тіркелді.

«Қазіргі таңда тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда. Облыс бойынша 414 390 адам екпе алуға жататын болса, соның 277 315-і немесе 66,9 пайызы бірінші, 269 425-і немесе 65 пайызы екінші компонентпен егілді. 200 308 адамнан 99 271-і немесе 49,6 пайызы ревакцинациядан өтті. Қайталама ревакцинациядан 15 218 адамның 4 548-і немесе 29,9 пайызы өтті. Pfizer вакцинасымен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер егілуде. Күні бүгін 63 765 адамның 18 122-сі немесе 28,4 пайызы І, 16 582-сі немесе 26 пайызы ІІ компонентті қабылдады», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы су қоймасынан тырысқақ ауруының бактериясы табылғанын жазған болатынбыз.


Фото: tass.com

Соңғы жаңалықтар