Батыс Қазақстанға қарулы қақтығыс аумағынан 120 адам қайтарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысына қарулы қақтығыс аумағынан 120 адам қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұловтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, оралғандардың 32-сі – әйелдер, 85-і – балалар мен жасөспірімдер (мектеп жасындағылар – 46, мектепке дейінгі бүлдіршіндер – 38, 1 студент), үшеуі – ер адам.

Әйелдердің діни көзқарасын анықтау және дерадикалдандыру мақсатында 70, сондай-ақ онлайн түрде 4 дәріс өткізілді.

Сонымен қатар әйелдер үшін теологиялық сабақтар, жеке кездесулер, кинотерапия, музейге, табиғат аясына саяхат, ашық конкурс секілді 17 іс-шара ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда олардың көзқарастарында радикалды идеологияның белгілері байқалмайды. Көпшілігі қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделген.

Өткен жылы діни қарым-қатынастар саласында облыс бойынша 23 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі (2019 жылы – 16) тіркелді. Құқықбұзушылық жасаған азаматтарға қатысты іс материалдары сотқа жолданып, олар сот қаулысымен айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Тұтастай алғанда, облыс аумағында діни ахуал тұрақты. Қазіргі кезде өңірде тоғыз конфессияға кіретін 80 діни нысан жұмыс жасайды», деді М.Раманқұлов.


Соңғы жаңалықтар