+7 (701) 759 90 19
USD 389.34 EUR 428.78
RUB 6.05 CNY 55.45
Jańalyqtar

Батыс Қазақстандағы Сегізсай кешенін кеңінен зерттеу көзделуде

2019 жылғы 2 маусым 19:55
Бөлісіңіз:
Батыс Қазақстандағы Сегізсай кешенін кеңінен зерттеу көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданы аумағында орналасқан Сегізсай кешенін кеңінен зерттеу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, Сегізсай кешені жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген.

Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылы мен Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылы аралығында жатқан кешенді зерттеуді алғаш рет 1966 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) қолға алған. Өлкетанушы Г.Багриковтың басшылығымен қазба жұмыстары жүргізіліп, бірнеше алтын адам табылған. Жалпы, мұнда сарматтар кезеңіне жататын 300-ден аса оба шоғырланған.


Кейін Мәскеуден Ғылым академиясына қарасты археология институтының ғалымдары келіп, қазба жұмыстарын жүргізгенімен, ол аяқталмаған. Қорғандарды жартылай ашып тастап, қайта қалпына келтірмеген. Адам сүйектері әр жаққа шашылып кеткен, табылған жәдігерлер жүйелі зерттелмеген.

«Міне, осы Сегізсай (Лебедевка) кешенін қайта зерттеу қажеттілігі туындап отыр. Бұған дейін кешенге арнайы барып, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ерболат Смағұлов, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержігітова және оралдық ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменовтің қатысуымен барлау жұмыстарын жүргіздік. Кеңес заманынан бері ғалымдар Сегізсайдағы сарматтар кезеңіне жататын обаларды сегіз қорымға бөлген. Сол қорымдардың сызбалары мен есептерін тауып, сол бойынша орналасу тәртібін анықтауға тырыстық. Сұлба келеді, тек түсініксіздеу жерлері баршылық. Ендігі мақсат - қаржы мүмкіндігіне қарай топографиялық түсірілімдері мен фотосуреттерін, сызбаларын жасап, нақты координаттарын анықтап, ғылыми айналымға енгізу», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Сафуллин.

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Тілеген Қалиевтің мәлім еткеніндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сегізсайға ресейлік және қазақстандық ғалымдардың назарын аудару мақсатында 11-13 маусымда Есенамантау үстіртінде «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық симпозиум ұйымдастырылмақшы.


Оған Ресей Федерациясы мен Қазақстан қалаларынан әр жылдары осы жерде қазба жұмыстарын жүргізген археологтар, басқа да ғалымдар ат басын бұрмақшы.

Алдағы уақытта Сегізсай кешені аумағында ашық аспан астындағы музей ашу, сондай-ақ осы тұстан өтетін Самара-Шымкент жолының бойында композиция орнату ойластырылуда.

Сол секілді осы маңдағы Аққұмның астында көне қала бар деген әңгіме көптен айтылып келеді. Оны да зерттеп, музей-қорық етіп құрса, артық болмас еді. Талайдан бері сыр бүгіп жатқан Құныскерей үңгірі де бар.

«Ең бастысы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, табиғаты сұлу, тарихы бай Сегізсай кешені мен Аққұмды келер ұрпақ үшін сақтау аса маңызды», деді Ж.Сафуллин.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT