Батыс Қазақстандағы Сәуір жары – табиғаттың өзі соққан ескерткіш

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Теректі ауданында орналасқан Сәуір жары – табиғаттың өзі соққан ескерткіштің бірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәуір жары (Сауркин яр) аудан орталығы Федоров ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан.

Өлкетанушы Геннадий Креймердің айтуынша, Жайық өзені дәл осы араға келгенде, кілт бұрылады. Өзеннің Бұқар бетіндегі сол жағалауын су тасқыны шайғандықтан, топырақ опырылып, тік жар пайда болған. Оның биіктігі 40 метрден асқан.

Жардың Сәуір деп аталуының тарихы бар. Осы маңда Сәуір деген ақсақал өмір сүрген. Оның ауылы Қайыңсайда болған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан Сәуір жары деп атала бастаған.

Жардың ұзындығы бір шақырымнан асады. Оның баурайынан бұлақтар ағып жатыр. Жардың астында бекіре тұқымдас және қара балықтар қыстайтын шұңқыр бар. Ал бетіндегі балшықты алуға Орал қаласы мен жақын маңдағы ауылдардан тұрғындар келіп, оны мүсін соғып, ескерткіш жасауға пайдаланады. Балшық сондай-ақ емдік мақсатта да қолданылады.

Сәуір жарына келушілер жаз шыға көбейеді. Әсіресе, «Кіші Жамбыл» деп аталатын жер туристер үшін ерекше тартымды.

Сәуір жары жер астындағы қозғалысты қатты сезінеді. Шалқар көлінде жер сілкінген кезде Сәуір жарында да үлкен көлемде топырақ омырылып кеткен. Сол секілді бұдан бірнеше жыл бұрын Барбастау өзеніне зиянды қалдықтар тасталған кезде балықтар қырылған болатын. Дәл сол күні Сәуір жарында бес қабатты үйдің биіктігіне барабар топырақ құлаған.

Тағы бір ерекшелігі, Сәуір жарында ағаш пен өсімдіктің түр-түрі өседі. Ол құрамы жағынан Ресейдің орталық бөлігіндегі орманға ұқсас деп айтуға болады.

Емдік мақсатта қолданылатын шөптер де жеткілікті.

Сәуір жарын құндыздар мекендейді. Мұны тамырын кеміргендіктен, құлап жатқан ағаштардан байқауға болады.

«Сәуір жарын тамашалауға жыл сайын 2 мыңнан астам адам келеді. Дегенмен оны Қазақстанның өзге өңірлері жақсы біледі деп айту қиын. Егер ел көлемінде кеңінен насихатталса, туристер қатары да көбейер еді. Сонымен қатар табиғаттың ерекше құбылысы – Сәуір жарын табиғи бақ жасау жөнінде ұсыныстар айтылып келеді», дейді Геннадий Креймер.

Теректі аудандық балалар шығармашылығы үйінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы маусым-шілде айларында Сәуір жарына веложорықтар, су жорықтары, экспедиция-саяхаттар ұйымдастырылған.

Шынында да табиғаттың осынау көркем жерін тамашалаушылар қатары сиремесі анық.

Соңғы жаңалықтар