Батыс Қазақстанда жыл соңына дейін үш мектеп құрылысы аяқталмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін үш мектеп құрылысын аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, Орал қаласында №33, Қазталов ауданында Сарықұдық ауылында 60 орындық және Қазталовтың өзінде 600 орындық А.Оразбаева атындағы мектеп құрылысы мәреге жетпекші.

Жалпы, облыста 7 апаттық жағдайдағы мектеп болса, соның үшеуі жыл аяғында жойылатын болады. Сонымен қатар Ақжайық ауданы Атамекен ауылында М.Өтемісов атындағы және Қазталов ауданы Қоныс ауылындағы апаттық жағдайдағы мектептер орнына модульдік үлгідегі ғимараттар салу 2022 жылға жоспарланған. Қазіргі кезде жоба-смета құжаттамалар жасалып жатыр.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, облыста сондай-ақ үш ауысымда оқытатын бес мектеп бар. Олар – облыс орталығындағы №20, №30, №18, Теректі ауданы Подстепный ауылында қазақ мектебі және Ақсай қаласындағы №7 мектеп.

Қазіргі таңда Зачаган кентіндегі №20 және №30 мектептің бастауыш сыныптарын биыл жабылған М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектебі ғимаратына көшіру жүргізіліп жатыр. Оған қоса кентте жаңадан мектептер бой көтереді. Ал №18 мектепте қосымша ғимарат құрылысы алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бітпекші. Подстепный ауылында 600 орындық мектептің жоба-смета құжаттамасы дайын. Ақсайдағы №7 мектеп мәселесін жеке инвестор есебінен шешілмек.

«Облыс бойынша оқушылар санының азаюына және талапқа сай келмеуіне байланысты биыл 7 мектеп жабылды, соның біреуі – Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы сауықтыру мектебі. Мұнда жұмыс істеген 59 педагогтың 55-і жұмысқа орналастырылды. 86 қосымша және кіші қызметкерлер негізінен №20 мектепке ауысады. Қалған алтауы – аудандардағы бастауыш мектептер», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда педагогтардың 95,1 пайызы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар