Батыс Қазақстанда жұқпалы аурулар стационарында 260 адам емделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 534 төсектік 7 жұқпалы аурулар стационарында 260 науқас емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, сондай-ақ 185 төсектік 4 карантиндік стационарда 28 адам жатыр.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, жансақтау бөлімінде 25 науқас болса, соның бесеуі – 40-60 жас, 11-і – 60-80 жас аралығындағылар, қалған 9-ы – 80-нен асқандар. 23 науқастың созылмалы ауруы бар, соның ішінде 19-ы жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан.

Күні бүгін инвазивті өкпені жасанды желдету аппаратына 1, инвазивті емес аппаратқа 8, оттегі концентраторына 12, орталықтандырылған оттегі көзіне 59 науқас қосылған.

Облыста осы кезге дейін 9793 адам індет жұқтырса, соның 8473-і немесе 86,5 пайызы жазылып шықты. 175 адам көз жұмды.

«8 қаңтарда 200 төсектік жаңа модульдік аурухана өз жұмысын бастады. Соның 20 төсек-орны жансақтау бөлімінде, 20-сы интенсивті терапия палаталарында орналасқан. Жаңа жоғары деңгейдегі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мысалы, компьютерлік томография, стационарлық және цифрлық рентген аппараттары, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, өкпені жасанды желдету аппараттары және жеке зертхана бар. Әр төсек-орын 5 перфузормен және оттегімен қамтамасыз етілген», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бір компанияның 47 қызметкерінен коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар