Батыс Қазақстанда жоспарланған мал азығының 89 пайызы дайындалды

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында алдағы қысқа 987,6 мың тонна мал азығы дайындалуы тиіс болса, күні бүгін соның 878,8 мыңы немесе 89 пайызы әзірленді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас маманы Аманбай Отарбаевтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, қазіргі кезде шөп шабуға 2974 шалғы қатыстырылуда. Бөрлі, Қаратөбе, Тасқала, Шыңғырлау аудандары жылдық межеден көрінсе, қалғандары да соған жетеқабыл. Шалғайдағы Жаңақала, Бөкей Ордасы аудандарының құмайт аумақтарында соңғы жаңбырлардан кейін шөп қоюланып, қайта бой көтерді. Бұл бұдан былай да қомақты жемшөп жасақтауға мүмкіндік береді. Өткен жылғы қыстақтан қалған 23,1 мың тонна пішен тағы бар.

Биыл егін шығымдылығы онша болмағанмен, 29 мың тонна сабан дайындалды. Ол - негізінен қара бидай, күздік бидайдың қалдығы. Алайда сабағы тым қысқа болғандықтан, ол азыққа жарамай қалды. Сол себепті шаруалар сабанды өнімділігі жоғары, бесаспап «Джон Дир», «Кейс» сынды комбайндарға салып, ұсақтап-турап, егін даласына тыңайтқыш ретінде пайдаланды. Құрғақшылықтың салдарынан шаруа қожалықтары егіннен гөрі табиғи шөпті барынша көп шабуға назар аударып отыр.

Соңғы жаңалықтар