Батыс Қазақстанда жол-көлік оқиғалары 41,5 пайызға артып кеткен

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы жеті айда 249 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бұл өткен жылғыдан (176) 41,5 пайызға көбейіп кетіп отыр. Бұл туралы БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Ахаев мәлім етті.

Оның айтуынша, осы жол апаттары салдарынан 39 адам (2014 жылдың жеті айында сонша жан) көз жұмса, жарақат алғандар саны өткен жылғы 219-дан 343-ке жетті, бұл 56,6 пайызға көп. Жол-көлік оқиғаларының өсуіне түрлі себептермен қатар автокөлік санының көбеюі ықпал етуде.

Егер 2010 жылы өңірде 13 3061 автокөлік тіркелсе, қазіргі кезде олардың саны 196 860-қа жетіп, 47,9 пайызға артты. Соның ішінде бұдан бұрын ресейлік рубльдің құлдырауына байланысты Ресейден әкелінетін автокөлік санының күрт өскені мәлім. Тек биылғы жеті айдың ішінде көрші елден 13,8 мың автокөлік алынған.

Қазақстанның Кеден одағына енуіне байланысты облыс арқылы өтетін автокөлік тасқыны да күрт артты. Егер 2010 жылы облыс жолдарымен 326385 автокөлік өтсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш үш еседен астамға, яғни 992429-ға жетті. Биылғы жеті айда 681857 автокөлік өтсе, жыл соңына дейін бұл 1 миллионға жетіп қалуы әбден мүмкін. Бұл - күн сайын орта есеппен облыс аумағы арқылы 3200 шетелдік автокөлік өтеді деген сөз.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында биылғы жеті айда 51040 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар алынды.

Өңір үшін күрделі болып отырған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы жиын өткізіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар