Батыс Қазақстанда жол апатынан екі адам мерт болып, төртеуі ауыр жарақат алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам мерт болып, төртеуі ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін шамамен сағат 12.47-де Орал-Ақсай жолы бойында болды.

Бөрлі ауданы Аралтал ауылы тұсында «Фольксваген Пассат» пен Оралға бара жатқан жеңіл жәрдем көлігі бетпе-бет соқтығысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жеңіл автокөліктің жүргізушісі жедел жәрдем келгенге дейін қаза тапты.

Оралға емделуге бара жатқан әйел алған жарақаттары салдарынан жедел жәрдем көлігі ішінде өмірден озды.

Төрт адам ауыр халде Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде, біреуі хирургиялық бөлімшеде.

Құрамында нейрохирург бар санавиация бригадасы Бөрлі ауданына аттанды.


Соңғы жаңалықтар