Батыс Қазақстанда жол апатынан 70 жастағы жүргізуші қаза тапты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 70 жастағы жүргізуші қаза тауып, екі жолаушы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 06.30-да Орал-Атырау жолында болды.

Аталмыш жолдың 224-шақырымында Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында «Фольксваген Пассат» көлігі тоқтап тұрған жүк көлігіне соғылған.

Соның салдарынан жеңіл көліктің 1951 жылғы жүргізушісі жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Екі адам ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, қазіргі кезде Ақжайық аудандық ауруханасында жатқан 1956 жылғы ер және 1959 жылғы әйел адамның жағдайлары орташа. Әйел жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Ер адамның кеуде тұсы көгеріп, қабырғалары сынған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тоғыз қабатты тұрғын үйдің төбесінен 40 жастағы ер адамның құлап кеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар