Батыс Қазақстанда жазушы Жәрдем Тілековке мүсін орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында белгілі жазушы Жәрдем Тілековтің (1911-1980) 110 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қаламгердің туған жері – Сырым ауданы Аралтөбе ауылындағы мектеп алдында жазушы мүсіні салтанатпен ашылды.

Салтанатқа қатысушылар сондай-ақ «Жауынгер жазушының мәңгілік әлемі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өз ой-толғамдарын ортаға салды.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жазушының есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы іс-шаралар бұдан кейін де жалғасатынын атап өтті.

«Жәрдем Тілеков – зерттеушілер назарынан тыс қалғаны болмаса, бірнеше поэма, роман, повестер жазған ақын, жазушы ғана емес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел қорғауға аттанып, қаламымен де, қаруымен де Жеңіске үлес қосқан, күйшілігімен де көзге түскен майдангер. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған қайраткер қандай құрметке де лайық», деді Т.Төреғалиев.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев қабырғалы қаламгердің шығармашылығы туралы ғалымдардың мақалаларында шолу ретінде кіргізілгені болмаса, әлі күнге дейін арнайы диссертация, монография жазылмағандығын жеткізді. Тек соңғы кезде ғана баспасөз беттерінде мақалалар жарық көре бастады.


«Жәрдем Тілеков әуелі «Каспий толқыны» (кейіннен «Атырау толқыны»), «Сырым батыр», «Ақсұр ат» сынды поэмаларымен көрінді. Әсіресе, ел бастаған көсем, шешен әрі батыр Сырым Датұлының көркем бейнесін жасап, ерлігі мен даналығын дәріптеді. 1952-1953 жылдардан прозаға ауысып, «Жоңғар даласында», «От кешу» романдарын, «Қайнар», «Шалғай шепте», «Хинган асуынан асқанда» және басқа повест, әңгімелерін жарыққа шығарды. Өз шығармаларында соғыстың сұрапыл шындығын шынайы суреттей білді.

Сондай-ақ очерктер жинағын жеке кітап ретінде бастырған қабырғалы қаламгер ретінде де ерекшеленеді», деді З.Мүтиев.

Жәрдем Тілеков пен оның ұрпақтары хақында ұдайы қалам тербеп жүрген журналист Мүсірбек Айташев Аралтөбе орта мектебіне, сондай-ақ Орал қаласы мен Жымпиты, Аралтөбе

ауылдарындағы көшелерге жазушының есімін беруді ұсынды.


Ж.Тілековтің немере ағайыны Сағынғали Айтанов, Орал қаласында тұратын жиені Жоламан Төлеуішев жазушыны құрметтегені үшін жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Конференция барысында Сырым Датұлының шешендік сөздерін және Жәрдем Тілековтің «Сырым батыр» дастанын жатқа оқудан мектептер шәкірттері арасында алғаш рет

өткізілген байқау жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды.


Фото:Шынар Молданиязова
Соңғы жаңалықтар