Батыс Қазақстанда Жайық өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, Жайық өзені наурыздың соңы мен сәуірдің басында тасуы ықтимал.


Сарапшылардың есептеуінше, ондағы су деңгейі 700-800 сантиметрге дейін жетуі мүмкін.

Қазіргі кезде Шаған өзенінде су деңгейі көтеріліп жатыр.


Е.Балтаевтың сөзіне қарағанда, бір аптаның ішінде қардың 60 пайызының күрт еруіне және тоңның қалыңдығына байланысты өңірде күрделі жағдай қалыптасып, Орал қаласы мен бес ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Су тасқынының алдын алу бағытында 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы және инженерлік жобалар аясында өткен жылы тиісті іс-шаралар атқарылды. Мысалы, Тасқала, Зеленый, Жалпақтал, Шалғын ауылдары маңында бөгеттер мен арналар тазартылды. Соның нәтижесінде тасқынға тосқауыл қойылды.

«Облыс бойынша Орал қаласы мен он ауылда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Елді мекендер азық-түлікпен қамтылған, медициналық және басқалай қызмет көрсетілуде. Өңірде 73 үйге су кетсе, барлығынан толықтай су сорылды. Күні бүгін 20 саяжай үйінен су сорылуда. Маңғыстау және Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменттерінен 100-ден астам адам техникаларымен көмекке келді. Сондай-ақ 100-ден астам еріктілер қолұшын берді. Әсіресе, олар Сырым, Қаратөбе аудандарында белсенділік көрсетті. Бүгінгі таңда Сырым, Қаратөбе, Тасқала аудандарында қауіп сейілді. Ендігі басты назар Бөрлі, Бәйтерек, Казталов аудандары және Орал қаласында. Қала бойынша 11 мониторингтік топ жұмыс жасап, су деңгейін үздіксіз бақылауда. Жайық тасыған кезде өзен жайылмаларында орналасқан саяжай үйлеріне қауіп төнуі ықтимал. Сондықтан сол маңдағы тұрғындарға алдын ала ескертіліп, эвакуациялық қосындар анықталды», деді Е.Балтаев.


БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов облыс бойынша эвакуацияланған 297 адамның 170-і үйлеріне оралғанын жеткізді. Қалған 127-сі туыстарында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Қаратөбе ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 50-ден астам тұрғын үй суда қалып қойды.

Төтенше жағдай жарияланған Казталов ауданында қауіп сейілген жоқ.

БҚО-да көлік қатынасы үзілген ауылдардан 11 жүкті әйел шығарылды.

Батыс Қазақстанда 100-ден астам киік судан шығарылды.

БҚО-да 100-ден астам адам үйлеріне оралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар