Батыс Қазақстанда «Жасыл ел» жастар жасақтары жұмысқа кірісті

None
Фото: Сұлтан Серіков
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласындағы Деркөл кентінің мәдени-демалыс саябағында өткен «Жасыл ел» жасақтарының ХІХ еңбек маусымының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен жоғары оқу орындарының және мекеме басшылары, белсенді жастар мен волонтерлар қатысты.


Онда өңір басшысының атап өткеніндей, жастарға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Жастардың көп бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту үшін олардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды.

Бүгінде жастар облыс халқының 19 пайызын құрап отыр (БҚО-да 14 пен 35 жас аралығындағы 180 153 жас бар: қалада – 92 274, ауылда – 87 906).

«Мектеп, колледж, университет адамның таным-көкжиегінің, білімінің іргетасын қалап, белгілі бір мамандық иесі болуына септігін тигізеді. Бұл жастардың болашақта қызмет етіп, мансабын құруына мүмкіндік жасайды. Осы шақтан бастап жастардың еңбекке араласуы да заңды құбылыс. Бұл бағытта жастардың еңбек жасақтарының үлесі зор. Батыс Қазақстан облысында «Жасыл ел» жобасы 2007 жылдан жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын облыстық бюджеттен «Жасыл ел» студенттік құрылыс жасақтары штабын ұйымдастыруға, жастардың еңбекақысын қамтамасыз етуге қаржы бөлінуде», деді Н.Төреғалиев.

Биыл облыс бойынша «Жасыл ел» жобасы аясында 1175, құрылыс жасақтарына 500 жасты тарту жоспарланып отыр.


Маусымдық жұмыспен 16-35 жас аралығындағы жұмыссыздар, студенттер мен NEET cанатындағы жастар қамтылмақ. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарымен маусымдық жұмыстар Орал қаласы мен 12 ауданда маусым-қараша айлары аралығында жүзеге асырылады. Сарбаздар арнайы экипировкамен, құрал-жабдықтармен толық қамтылады.

«Жасыл ел» жобасы аясында елді мекендерді абаттандыру, экологиялық акцияларды, сенбіліктерді ұйымдастыру және өткізу, өзен арналарын тазарту, ағаш отырғызу, экологиялық қоғамдастықтар құру және басқа жұмыстар атқарылатын болады.

Жалпы, биылғы жылы жастарды қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар кешенді шаралар жоспарланып, жастар саясатын іске асыру үшін көлемді қаражат бөлінді.

Айта кетейік, 15 жылдан астам тарихы бар «Жасыл ел» бағдарламасы – жастар саясаты саласындағы негізгі қозғалыстардың бірі. Бүгінгі таңда өңірде 25 мыңнан астам жас аталмыш қозғалыс мүшесі болып, мерзімді жұмыспен қамтылды.




Соңғы жаңалықтар