Батыс Қазақстанда жасанды қиыршық тас өндірілмек (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 21 қаңтар күні «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-ның әк зауытында жасанды қиыршық тас өндіру жөнінде тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ өткізілді.

Шарада «Алгоритм» технопаркінің директоры Арман Есекеновтің мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан үшін маңызы зор инновациялық жоба облыс әкімдігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС, «Алгоритм» технопаркі, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қолдау тауып, оның жүзеге асуына қажетті жағдай жасалды. Қазіргі уақытта Орал қаласының басшылығы осы өнімді облыс орталығындағы автокөлік жолдарына пайдалану мәселесін қарастыруда. Айта кетейік, қиыршық тас Батыс Қазақстанға Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан жеткізіліп жүргені мәлім. Жол шығынын қоса алғанда, орта есеппен әрбір тоннасының бағасы 6-7 мың теңгеге шығады. Сондықтан жасанды қиыршық тасты Тасқала ауданы аумағындағы кремнийлі тау жынысынан алудың тиімділігі мол. Таяуда шағын көлемде жүргізілген зерттеу жұмыстары бұл өнім химиялық, физикалық көрсеткіштері бойынша табиғи қиыршық тастан еш кем түспейтінін көрсетті. Салмағы жағынан да жеңіл. Жергілікті шикізатпен өндірілгеннен кейін оның бағасы да төмен болары анық. Маркентингтік зерттеулер көрсетіп отырғанындай, оның тоннасының құны 4-4,5 мың теңге болмақшы. Күні бүгін өндірістік негізде үлкен көлемде, яғни 200 тонна кремнийлі тау жынысынан 200 тонна көлемінде жасанды қиыршық тас алу жоспарланып отыр. Ол өнімге бір апта бойы жергілікті өндіріс орындарының зертханаларында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Зерттеу оң нәтиже берсе, ол кең көлемде өндіріске енгізілмекші. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жасанды қиыршық тасқа қажеттілігі жылына 1895 мың текше метрді құрайды. Жаңа технология авторлары тың жоба бойынша жылына 190 мың текше метр немесе аталмыш көлемнің 10 пайызын өндіруге болатынын айтып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Дамир Егізбаевтың сөзіне қарағанда, мұндай жоба еліміз түгілі, әлемде де жоқ. Егер бәрі ойдағыдай болса, өнімді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік мол. Аталмыш орталық жобаны қолдап, жасанды қиыршық тасты өндіру технологияларының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауы үшін 45,5 млн. теңге грант бөлген болатын.

Жоба авторы, техника ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Сәрсенбек Монтаевтың сөзіне қарағанда, мұның технологиясы күрделі емес. Даладан әкелінген жыныс бірінші ұнтақталады. Сосын арнайы айналмалы пеште 1,1 мың градус ыстықта күйдіріледі. Сөйтіп өнім дайын болады. Бұл технологияның қолдану аясы кең болғандықтан, ол Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қоса алады. Өйткені оны құрылыста, құрылыс материалдарын дайындауда, автокөлік және жаяу жүргінші жолдарын салуда пайдалануға болады.

Батысқазақстандық ғалымдардың бұл жобасы өткен жылы Ригада өткен «Коммерцияландырудың реакторы» атты халықаралық көрмеде таныстырылған кезде оған шетелдік кәсіпкерлер назар аударған. Солардың бірі, ригалық Висманд Менджокс зерттеу нәтижелері ойдағыдай болса, осы бағытта қазақстандық әріптестермен бірге жұмыстанатынын жеткізді. Мәселен, қытайлықтар Африка елдеріне жол салу ісіне кірісуде. Олар он жыл ішінде 1 трлн. доллар көлемінде инвестиция салмақшы. Мұндай сәтте инновациялық жобаларға назар аударылары анық. Егер бұл өнім қытайлықтар ғана емес, өзге де дамыған елдердің мамандары тарапынан да жоғары бағасын алса, оны жол мен құрылыс жұмыстарына кеңінен пайдалануға болады. Латвиялық кәсіпкердің ойынша, жоба сәтті жүзеге асса, жасанды қиыршық тас өндіретін жаңа зауыттарды Қазақстан ғана емес, Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста да ашуға болады.

Соңғы жаңалықтар