Батыс Қазақстанда жас термешілер байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының залында «Өнерімнің биігі – жыр-терме» атты жас термешілер байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа қатысқан үміткерлер 14-18 және 19-29 жас ерекшеліктері бойынша бақ сынады.

Ережеге сәйкес сайыскерлер Батыс мақамы стилінде және еркін тақырыпта екі термеден орындады.

Байқау қорытындысында 14-18 жастағылар арасында Құрманғазы атындағы музыка колледжінің студенті Жасмина Палат жеңімпаз атанды.

Орал қаласы №25 орта мектеп оқушысы Сабина Жұмагелдина екінші, Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің шәкірті Темірлан Батырбек үшінші орынға ие болды. Осы мектептен Лаура Мәлікова мен Сырым ауданынан келген Ерасыл Өміржан «Көрермен көзайымы» атанды.

Ал 19-29 жастағылар арасынан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері Рысты Елшінбекова, Гүлім Ізімғалиева және Әділ Ахметов алғашқы үш орынды бөлісті. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Ұлпан Темірбек пен Бөрлі ауданының өкілі Бектас Жұмағалиев «Көрермен көзайымы» болды.

Байқау жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңімпаз атанған екі жас еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласын тамашалап қайтатын болады.

«Аталмыш байқау осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – термені текті өнердің төресі ретінде жастар арасында кеңінен насихаттау. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі әркелкі болғанымен, жалпы беталыс жақсы», деді ҚазАқпарат тілшісіне қазылар алқасының мүшесі, республикалық және халықаралық жыршы-термешілер байқауларының жеңімпаз-жүлдегері, «Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері Фархат Оразов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Ұлттың үні – жыр-терме» атты жас термешілер байқауы мәреге жеткенін , елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар