Батыс Қазақстанда жас мамандар ауылдарға орналастырылуда

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жас мамандар ауылдарға орналастырылуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «Дипломмен - ауылға» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс Жаңақала ауданында өткен жылы қолға алынған болатын. Ауданға келген жоғары білімді бес дәрігер жұмысқа орналасып қана қоймай, демеушілердің есебінен оларға материалдық көмек көрсетілді. Биыл бұл мақсатқа Үкімет қаулысына сәйкес 3831 мың теңге қаралды, бұл 42 жас маманға жетеді. Қыркүйек айына дейін үш маман келсе, соның екеуі - эколог және туризм маманы, біреуі - акушер-гинеколог. Үшеуіне де 90700 теңгеден көтермеақы беріліп, дәрігер оған қоса үймен қамтылды. Мұның сыртында аудандық білім бөлімі 12 жас маманға көтермеақы беруге ұсыныс түсіріп отыр. Таяу күндері пайдалануға берілетін ауданаралық сауықтыру орталығына да білікті мамандар қажет.

Қазталов ауданына биыл 32 маман келсе, соның бесеуі - дәрігер. Олардың бәріне де көтермеақы берілді. Сонымен қатар жастар тәжірибесіне сәйкес мамандардың алты ай сынақ мерзімімен жұмыс жасауы үшін 3 млн. 373 мың теңге бөлінсе, соның 932 мыңы игерілген.

Сырым ауданында жас мамандарды ауылға тарту үшін республикалық қазынадан 4 млн. 723 мың теңге қарастырылған. Мұнда 14 жас маман әлеуметтік қолдауға ие болды. Оған қоса М.Оспанов атындағы медициналық академияны бітіріп келген Индира Семенова мен Мәншүк Құрмашеваға аудандық бюджет есебінен 200 мың теңгеден көтермеақы берілді. Бұларға баспана мәселесі де шешілмекші.

Ақжайық ауданында 31 жас педагог жұмысқа қабылданып, соның 26-сына және екі мәдени қызметкер мен алты дәрігерге қолдау көрсетілді.

Жәнібек аудандық ауруханасына үш жоғары білімді дәрігер, алты орта буын қызметкері келген. Сондай-ақ білім саласында 18 жас маманды ауылға тарту үшін 1 млн. 604 мың теңге бөлінген, бұл қазан айынан беріле бастамақшы.

Шалғайдағы Бөкей ордасы ауданында 41 жас маманға 3 млн. 654 мың теңге қаралып отыр.

Аудандарда негізінен дәрігерлер мен мұғалімдер жетіспейді.

Соңғы жаңалықтар