Батыс Қазақстанда жаңажылдық іс-шараларды өткізу шектеледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ЖРВИ мен тұмаудың жиілеуіне байланысты мерекелік іс-шараларды өткізу шектеледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М. Арыспаевтың айтуынша, әсіресе, балабақшалар мен мектептерде барлық көпшілік іс-шараларға шектеу қойылады.

«Сонымен қатар мейрамхана иелерінен жаңажылдық кооперативтерді өткізуден бас тартуды ұсынамыз. Мұндай іс-шаралардан кейін адамдардың көп жиналуы салдарынан індеттің қайта өршіп кетуі мүмкін. Оның үстіне көршілес Ресейде омикрон штамы табылып отыр. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды сақтап, алдағы мерекелелік іс-шараларды тұрғындардың өз отбасыларында өткізуі керек деп есептейміз», деді М.Арыспаев.

Оның сөзіне қарағанда, облыста 1 желтоқсаннан бері 143 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Соңғы аптада (3-9 желтоқсан) алдыңғымен (26 қараша – 2 желтоқсан) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 6,7 пайызға төмендеді.

Осы айда 21 оқушы, 7 мұғалім, ЖОО-да 2 студенттен індет табылды.

«Омикрон» штамы әлемнің 57 елінде анықталды. Соның ішінде Ресейде екі адамның ауырғаны тіркелді. Облысқа Мысырдан 9, Лондоннан 2 және Германиядан 1, барлығы 12 ҚР азаматы келді. Күні бүгін олардың барлығы тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынды. Израиль, Чехия, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада, Бельгия және Мысырдан келген азаматтар COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсынан өткен-өтпегендігіне қарамастан, мемлекеттік шекарадан өткен сәтте ПТР анықтамасын ұсынуы міндетті. Облыста «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. Осы жағдайға байланысты эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде SARS-COV-2 жаңа нұсқаларын уақтылы анықтаудың маңыздылығын ескере отырып, КВИ науқастарының оң нәтиже сынамалары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық сараптама орталығына» жіберілді. Бұлар тексерілу үстінде», деді М.Арыспаев.

Өңірде ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 2,4 есеге (2020 жылы – 8143, 2021 жылы – 20 124) өскен. Сондай-ақ 1 қарашадан бері 81 тұрғынның тұмаудың А (H3N2) түрімен ауырғаны белгілі болды. Өткен 2020-2021 жылғы эпидемиологиялық маусымда тұмаумен ауырғандар тіркелмеген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 16,4 пайызға азайғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар