Батыс Қазақстанда жаңа мұнайгаз химиясы өндірісін қалыптастыруға болады – Фарид Бахтиозин

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жаңа мұнайгаз химиясы өндірісін қалыптастыруға болады. Бұл туралы «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Фарид Бахтиозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын.

- Президент айтқан осы мәселені қолдай отырып, Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кеніші негізінде оны жүзеге асырудың толық алғышарттары бар. Қазір мұнда өндірілген газ екі бағытқа жіберілуде. Біріншісі: Орынбор газ өңдеу зауытына өңдеу үшін және облысты отындық газбен қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір бөлігін кері қайтару үшін. Екіншісі: жер қыртысына кері айдау. Шикі газды осы екі бағыттан ішінара алу арқылы Батыс Қазақстан облысында жаңа мұнай-газ химиясы өндірісін қалыптастыруға әбден болады. Ол Үкімет толық қолдаған жағдайда жүзеге асады, - дейді Ф.Бахтиозин.

Оның айтуынша, «Конденсат» АҚ мамандары Қарашығанақтың шикі газын өңдеп, бірінші кезеңде полиэтилен және сұйытылған газ өндірісін құру, ал екінші кезеңде полипропилен өндіру бойынша технологиялық және құрылысқа қатысты керек-жарақты жасап шығарды.

Осы орайда қажеттілігіне қарай аталмыш жоба аясында мынандай өзге де өндірістерді ұйымдастыруға болады: біріншісі, этиленгликоль – жеңіл өнеркәсіпте синтетикалық жіп алуға қажетті аса бағалы шикізат. Екіншісі, этилтребутил эфир ЭБТЭ, изомеризат С5+ немесе алкилат – мотор майына жоғары сапалы қоспа. Одан соң аутокөлікке арналған жоғары сапалы пропан.

Ф.Бахтиозиннің сөзіне қарағанда, аталған жоба аясында 1 млрд текше метр Қарашығанақтың шикі газы бөлінетін болса, облыс жыл сайын 100 млн АҚШ долларынан кем емес көлемде салық түсімін түсіреді, 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Тағы бір айтатын жайт, Мемлекет басшысы өз Жолдауында моноқалаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Бөрлі ауданында осындай өндірісті ұйымдастыру, Қарашығанақ кенішін игеруші оператор – «ҚПО б.в.» компаниясының қызметін қоса алғанда, сөз жоқ, Ақсай қаласының дамуына қосымша қарқын қосары анық.

Президент ұсынысының маңыздылығы сол, осы өндіріс негізінде өзге де көптеген қанаттас өндірістерді, тұтас бір кластерді дамытуға жол ашылады. Мысалы, полимерлерге жататын пластмассадан кез келген бұйымдарды жасауға болады. Яғни кәдімгі қалам мен шелектен бастап, кеме құрастыру мен авиациялық аса күрделі бұйымдарды өндіру мүмкіндігі туады. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында орналасқан, елдегі жалғыз пластик құбыр өндіретін ірі кәсіпорын «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС қажетті шикізатты Ресейден импорттауға мәжбүр.

Жаңа жоба жеңіл өнеркәсіпті, нақты айтқанда, киім өндірісін дамытуға жәрдемдеседі. Жоғарыда айтылған аутокөлік жанармайына жоғары сапалы қоспалар өндіру, көлікті өзіміздің сұйытылған газбен қамту да өңірдің өркендеуіне ықпал етеді. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарын ашады.

«Химия өнеркәсібінде Қарашығанақтың шикі газын өңдеу кезінде бөлінген отындық ілеспе газ да облыстың өз қажетіне жаратылып, бұл өз кезегінде жергілікті тұтынушыларға берілетін газ бағасына оң әсерін тигізері анық. Рас, ол жағдайда жобаға бөлінетін шикі газдың көлемін аз-кем ұлғайту қажет. Дегенмен ол біздің экономикалық қауіпсіздігімізді нығайтады.

Шикізатты бөлу мәселесін шешер болсақ, біздің мұнай өңдеу зауытының мысалынан да көрініп тұрғандай, аталмыш жобаны жүзеге асыру арқылы біз Мемлекет басшысының тапсырмасын іс жүзінде орындай аламыз. Ең бастысы, облыс, тұтас ел экономикасының өсуіне, азаматтардың әл-ауқатының артуына нақты қол жеткіземіз», деп түйіндеді ойын Ф.Бахтиозин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар