Батыс Қазақстанда жаңа геопорталдың жұмысы таныстырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте жаңа геопорталдың жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысының атап өткеніндей, геопортал «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасақталды.

Мұндағы мақсат – заңды және жеке тұлғалар, бизнес және мемлекеттік қызметті автоматтандыру өкілдері үшін жер қатынастары мен жер қойнауын пайдалану саласында қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету.

Геопорталдың артықшылығы сол, жердің орналасуын, иесі кім екендігін, қандай мақсатта пайдаланылып отырғанын дәл көрсетеді.

«Геопортал жер телімдерін мақсатына пайдаланбай, салықтан жалтарып отырған жосықсыз кәсіпкерлерді анықтауға жәрдемдеседі. Мысалы, порталда тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жерде сауда нысаны салынып жатқаны көрініп тұр. Яғни жер иесі салық төлеместен, оны сауда қызметін жүргізуге пайдалануда. Осы деректердің бәрі шара қолдану үшін салық қызметіне беріледі. Мұндай қызметпен айналысатын кәсіпкерлер жер телімдерінің пайдалану мақсатын өзгертіп, тіркелуі тиіс. Қазір олар коммерциялық қызметті заңсыз жүргізуде. Заңсыз кәсіпкерлік қызметті тексеру үшін мораторий кедергі келтірмейді», деді Ғали Нәжімеденұлы.

Жаңа жүйе азаматтардың арыз-шағымын жедел қарауға мүмкіндік береді. Әкім ватсап нөміріне келген шағымның бірін жүктеп көріп еді, бағдарлама санаулы минуттар ішінде жер телімі туралы барлық мәліметті шығарып берді.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің мәлім еткеніндей, өңірде 2019-2020 жылдары 922 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің пайдаланылмай отырғандығы анықталды. Соның ішінде 653 мың гектары биыл белгілі болды.

Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 134 мың гектары немесе 15 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 486 мың гектарды (53 пайызы) пайдаланушылар сол жер телімдерін игеруге кірісті.

Мемлекетке қайтарылған жерлерді айналымға енгізу үшін ауыл шаруашылығы жерін пайдалануға құқық беретін конкурстар өткізілуде. Биыл 47 конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 509 мың га 650 жер телімі ұсынылды. Жыл соңына дейін жергілікті атқарушы органдар 26 жер телімі бойынша тағы 4 конкурсты өткізуді жоспарлап отыр.

Геопорталды жасаған «KeyHorse» ЖШС басшысы Нұрхат Мұқатовтың сөзіне қарағанда, оған 62 тақырыптық тарау енгізілген, оның құрамына әкімшілік-аумақтық бөліністер шекаралары, бас жоспарлар, гидротехникалық құрылымдар мен магистралды құбырлар, автомобиль және темір жолдар, салалық тізілімдер және басқалар кіреді.

«Жоғары сапалы аэрофототүсірілім жасалып, жер телімдері бойынша мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректері жинақталды. Сондай-ақ инженерлік желі, ауыл шаруашылығы жерлері, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және басқа нысандар бойынша мәліметтер енгізілді. Геопорталдың басқа мемлекеттік ақпаратттық жүйелермен ықпалдастығы бойынша жұмыстар да мәресіне жетті», деді Н.Мұқатов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 911 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің пайдаланылмай отырғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар