Батыс Қазақстанда ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан 200-ден астам адам сотталған – тарихшы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1920-1950 жылдары КСРО-да 3 млн 777 мың адам саяси қуғынға ұшырап, соның 642 мыңы атылған. Қазақстанда 103 мыңдай адам саяси қуғынға душар болып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Батыс Қазақстан облысының өзінен шамамен 40 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. Осы орайда БҚО бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Есқайрат Ерболатұлы, облыс бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылып, архив жұмыстарымен айналысып, соның негізінде арнайы жинақ дайындалып жатыр екен. Өзіңіз осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде не айтар едіңіз?

- Иә, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында 1920 жылдардан кейінгі Батыс өңіріндегі «бандалық топтарға» қатысты деректер зерттеліп, ой елегінен өткізілді.

Сонымен бірге ғылыми жоба аясында 1920-1930 жылдардағы Кеңес билігіне қарсы наразылықтар, баскөтерулер, көтерілістер мәселесі жан-жақты зерттелді. БҚО полиция департаменті архивінен Жаңақала көтерілісінен басқа, Азғыр, Жымпиты, Шыңғырлау, Орда және Жәнібек аудандарында ұжымдастыру саясатына қарсы наразылықтардың болғандығы жөнінде құжаттық деректер табылды. Бұл наразылықтарға қатысқан адамдардың тізімдері нақтыланып, олардың әлеуметтік құрамына талдау жүргізілді. Архив құжаттары бойынша баскөтерулерге қатысушыларға тағылған айыптар, кесілген үкімдері және 1989 жылдан кейінгі оларды ақтау туралы хаттамалары нақты көрсетілді.

Ұжымдастыру саясаты кезеңінде Кеңестік билікке қарсы шыққандары үшін Азғыр ауданынан 3 адам Пенза облысына жер аударылды, Жымпиты ауданынан 40 адам әртүрлі мерзімдерге сотталып, 17 адам ату жазасына кесілген, Жаңақала және Ілбішін аудандарынан 129 адам әртүрлі мерзімге концлагерге қамалған, Шыңғырлау ауданынан 16 адамға үкім шыққан, Орда ауданынан 9 адам және Жәнібек ауданынан 9 адам концлагерьге қамалған. Батыс Қазақстан облысы бойынша ұжымдастыру саясаты қарсы көтерілістерге қатысқаны үшін барлығы 206 адам сотталған. Олардың барлығы да 1989-1999 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заңдармен ақталған.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқы үшін аласапыран оқиғаларға толы қасіретті кезең болды. Кеңес билігінің солақай саясатының кесірінен қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамы ыдырай бастады. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу, олардан артық астықты талап ету науқаны және ұжымдастыру саясатының күштеп жүзеге асырылуы елдің шырқын бұзып, кеңес билігіне қарсы халық наразылықтарын өршіте түсті.

1928-1932 жылдары ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылықтары Батыс Қазақстан облысы аумағын түгелдей дерлік қамтыған деп толық айта аламыз.

-Енді осы наразылықтарға толығырақ тоқталсаңыз?

-Жалпы, Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын зерттеуге елге танымал ғалымдар бұған дейін де өз үлесін қосты. Дегенмен Батыс Қазақстан облысындағы 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылықтары тың деректер арқылы жаңаша тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.

Мысалы, Жымпиты көтерілісі. 1929 жылдың ақпан айының ортасы мен маусым айының басында Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылдарының байлары мен атқамінерлерінің астық дайындау науқаны кезеңінде кеңес билігіне қарсы наразылықтары орын алған. Малшы шаруалардың наразылықтары жасырын мәжілістерін ұйымдастыру, өкіметке артық астық пен ат көліктерін беруден бас тарту, ауылдық билік органдарының жауапты қызметкерлеріне қарсылық білдіру, тіпті шабындық жерлерді өртеу түрінде көрініс берген. Бұл баскөтерудің жетекшісі ретінде Ғаббас Досмұхамедов көрсетіліп, оған Жаһанша Досмұхамедовтің де ықпалы болуы мүмкін деген деректер келтірілген. 1929 жылы маусым айының 19-нан бастап құзырлы органдар арыз-шағымдардың түсуіне байланысты тергеу жұмыстарын жүргізеді. Кейін сол жылдың жаз айларында көтерілісшілер жаппай тұтқындалып, 1930 жылдың қаңтар-ақпан айларында 16 адамға Кеңес билігіне қарсы шыққаны үшін айып тағылды.

1930 жылы 15 наурызда ОГПУ-дың саяси үштігінің шешімімен №737 іспен айыпталған 16 адамға РСФСР ҚК 58-8 және 58-10-бабы бойынша үкім шығарылған: «Досмухамедов Габбас, Абилгазыев Искали, Балатов Тлеукаир, Рамазанов Успангали және Адилев Хусаин – ату жазасына кесілсін, барлығының мүлкі тәркіленсін. Карашулаков Исен – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін. Майданов Хайрулла – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мүлкі тәркіленсін. Искалиев Утеугали, Жакупов Батыргали және Темирханов Мирзагали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, үшеуінің де мүлкі тәркіленсін. Суханов Давлетьяр және Жамбергенов Батыргали – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын. Байгужиев Абдрахман және Ельаманова Могульсун – үш жыл мерзімге Сібірге жер аударылсын, екеуінің де мүлкі тәркіленсін. Сухамберлиев Сактаган – жанұясымен бірге Ақмола округіне жер аударылсын, мүлкі тәркіленсін. Кабаков Зайнулла – тергеуде болған кезі есепке алынып, қамаудан босатылсын» делінген. Олардың аты-жөндерін үкімде көрсетілгендей, өзгертпей беріп отырмыз. 1989 жылы 16 мамырда жазықсыз жазаланған жандар Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен ақталған.

Жымпиты көтерілісі дейтін себебіміз, 1929-1930 жылдары Кеңес билігіне қарсы баскөтерулер Жымпиты ауданының көпшілік ауылдарын қамтыған. 1929 жылы Жымпиты ауданының №6 және №11 ауылдарының байлары мен атқамінерлерін, барлығы 24 адамды айыптаған архив құжаттары табылды. Олардың 12-сі ату жазасына кесілсе, қалғандары 9 адам 10 жыл, 5 жыл, 3 жыл мерзімге сотталған және 3 адам 3 жыл мерзімге жер аударылған. Сонымен бірге көтерілісшілердің №20 ауылда Айтпай Тауышов, №17 ауылда Аят Қабышев, №18 ауылда Жұбандық Ақболатов, №24 ауылда Есен Аманкелев, №13 ауылда Төлен Есболатов секілді белсенді өкілдері болғаны жөнінде мәлімет кездесті.

- Мұндай көтерілістер Батыс Қазақстан облысының біраз жерін шарпыған екен?

- Оған архив құжаттары негізінде көз жетіп отыр. Айталық, Жаңақала және Ілбішін көтерілістері. 1930 жылдың сәуірі мен 1931 жылдың көктемі аралығында Жаңақала және Ілбішін аудандарында ұжымдастыру саясатына қарсы қарулы көтерілістер болған. Жаңақала және Ілбішін көтерілістеріне қатынасқан 360 адам тұтқындалған. Тергеу барысында 160 адам қылмысы анықталмай босатылған. Ұзаққа созылған тергеу барысында 71 адам құрбан болған.

1932 жылы 25 ақпанда ОГПУ жанындағы үштіктің қаулысымен 130 адамның 110-ы РСФСР ҚК 58-2, 58-8, 58-10-баптары бойынша әртүрлі мерзімге концлагерьлерге айдалған, біреуі шартты түрде сотталған. Көтеріліске қатысқан 18 адамның тергеуде болған кезі есепке алынып, қамаудан босатылып, біреуінің ісі біржолата тоқтатылған.

1989 жылы 27 маусымда көтеріліске қатысқан 111 адам 1989 жылғы 16 қаңтардағы «30-40 жылдар мен 50 жылдардың басында болған репрессия құрбандарына қатысты әділікті қалпына келтіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» КСРО-ның Жоғарғы Кеңесінің жарлығына сәйкес бірден ақталған. Ал көтеріліске белсенді түрде қатынасып, басшылық жасаған 18 адамдың мәліметтері БҚО прокуратурасының қарауына жіберілген.

1989 жылы 3 тамызда Орал облыстық сотының президиумының шешімімен көтеріліске басшылық жасады деген төмендегі адамдар толықтай ақталды: Капасов Губайдулла, Ахметов Мардан, Шамсутдинов Шоткара, Карашиев Запик, Джаналиев Муканалы, Сисенов Салмен, Юсупов Кара, Бегалиев Каби, Джамышев Шакырбай, Шабдаров Алипкали, Куанышев Бактыгул, Искалиев Шапен, Мусаралиев Суханкул, Искеев Тасмагамбет, Утеулиев Бисенгали, Давлеткалиев Коблан, Пштанов Илеу, Кожаков Джангожа.

- Ұжымдастыру науқанына қарсы шыққандардан Шыңғырлау ауданы да шет қалмаған екен?

- БҚО Полиция департаменті архивінде Шыңғырлау ауданының №16 ауылы тұрғындарының арасында 1931 жылдың желтоқсан айының басынан 1932 жылдың қыркүйегі аралығында кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы топтың болғаны жөнінде дерек бар. Архив құжаттары бойынша олардың көпшілігі бұрын кәмпескеленген байлар мен бұрынғы молдалардың ұрпақтары болса, араларында орташалар мен кедейлер де кездеседі. Жасырын жиындарында «Кеңес өкіметі халықтың малын тартып алды, енді бізде кеңес өкіметі сияқты әрекет етуіміз керек» деген наразы топ өкіметтің саяси-шаруашылық науқанына кедергі келтіріп, кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізген. Олар колхоздың қарауына өткен малдарды тығып сойып алып, етті бағыттағы совхоздың даладағы малдарын айдап әкеткен және қоймадағы астықты өзара бөліске салып отырған. Осылайша Шыңғырлау ауданының №16 ауылындағы кеңес билігінің саясатына қарсы топ өздерінің наразылықтарын ашық түрде білдірген. Кеңестік билікке қарсы шыққан бұл топқа РСФСР ҚК 58-10 және 58-11-баптары бойынша айып тағылған.

1933 жылдың 13 шілдесінде ОГПУ жанындағы саяси үштіктің отырысында Шыңғырлау ауданының №16 ауылының азаматтарына мынадай үкім белгіленген: «Абдуллин Альмухамбет, Бисенгалиев Кенжегали, Раисов Муса - сегіз жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзім барлығына 27/IХ-32 ж. есептелсін. Юсупов Нане, Абдрахманов Гарифулла, Султанов Исмагул – алты жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, И.Султановқа мерзімі 26/Х-32 ж., қалғандарына 27/ІХ-32 ж. есептелсін. Исенов Даулетказы, Саматов Зайнулла, Мендеев Тулеген, Узакбаев Абдекер – үш жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, Исеновке мерзімі 26/Х-32 ж., Саматовқа осы шешім қабылданған күннен, Мендеевке 18/ІІІ-33 ж., Узакбаевқа 27/ХІІ-32 ж. есептелсін. Сейтмагамбетов Мухаметкали, Имангалиев Тайке, Салыхов Амержан, Узакбаев Мухамеджан, Мукашев Ажбай – осы уақытқа дейінгі қамауда болғандары есепке алынып, қамаудан босатылсын. Мерекенов Алмат – үш жыл мерзімге концлагерьге жабу туралы шешім қабылданып, Мерекенов Алматқа қатысты үкім шартты түрде өтелсін».

1989 жылы 28 маусымда кеңес билігінің жүргізген ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан Шыңғырлау ауданының барлық азаматтары Орал облыстық прокуратурасының қаулысымен толықтай ақталған.

- Тарихы бай Бөкей хандығы дейміз. Кейін Бөкей губерниясы болды. Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданы аумағында да баскөтерулер болған екен?

- Орда ауданы байларының наразылықтары болғаны архив құжаттары негізінде анықталып отыр. 1930-1932 жылдары Орда ауданына қарасты №1 ауыл, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының ауқатты адамдары ұжымдастыру саясатына қарсылық білдіріп, колхоздастыру науқаны кезеңінде бүліктер ұйымдастырған. Олар ауылдағы колхоздастыру ісіне кедергі жасау мақсатында орташалар мен кедейлерді өз жағына тартып, кеңес өкіметінің саясатына қарсы үгіт-насихат жүргізген және билік органдары адамдарына қарсылық танытқан. Сонымен бірге жергілікті билікке наразылық ретінде бай отбасылар Астрахан және Қалмақ облыстарына көшіп кету әрекеттерін жүзеге асырмақшы болған және сол аймақтардағы «бүлікшіл топтармен» байланыс орнатуға тырысқан. Осы жағдайларға байланысты Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарында кеңес билігінің саясатына ашық қарсы шыққан байлар жазықсыз айыпталды.

1932 жылғы 28 желтоқсандағы ОГПУ жанындағы саяси өкілдер үштігінің отырысында №354 айыптау ісі бойынша Курмашев Каби және басқаларға, барлығы 9 адамға қатысты 58-10, 59-13-баптары негізінде төмендегідей шешім қабылданған: «Срымбеков Кулбай, Уталиев Умбетали, Айткалиев Кубай, Мулхайдаров Тулепгали, Джангалиев Омаргали, Бектемиров Лукбан – он жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. есептелсін. Курмашев Каби, Джардемов Шакир, Срымбеков Утегул – бес жыл мерзімге концлагерьге жабылсын, мерзімі 3/VII-32 ж. Есептелсін».

1989 жылы 13 шілдеде жазықсыз айыпталған Орда ауданының №1 ауылы, Қасымтау және Сүйіндік ауылдарының тұрғындарының барлығы Орал облыстық соты президиумының қаулысымен ақталған.

Бұрынғы Азғыр ауданындағы кәмпескелеуге қарсылықтар. 1928 жылы тамыз-қыркүйек айларында Азғыр ауданының №5 ауылы, Шалқар және Таубұйрат ауылдарының ауқатты бай адамдары кәмпескелеу кезеңінде дүние мүліктерін жасыруға тырысты, Кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, патша өкіметі дәуіріндегі өмірлерін дәріптеді, жергілікті кеңестік билік аппаратын өздеріне бағындырып алды және билік органдары өкілдеріне қарсылық танытты деп айыптала бастаған. 1928 жылы 25 қыркүйекте Азғыр ауданының аса ірі байлары Алгазыев Бектлеу, Омаров Сакур-Латып және Мукатов Мухамедьяр қамауға алынып, ОГПУ-дың Орал округтік бөлімі тарапынан оларға кеңестік билігіне қарсы шыққаны үшін бастапқыда 58-10-13 және 59-3-баптары бойынша айып тағылған. 1929 жылы 15 наурызда ОГПУ алқасының арнайы отырысында 58-10-бабы бойынша Алгазыев Бектлеуге, Омаров Сакур-Латыпқа, Мукатов Мухамедьярға қатысты №69040 айыптау істері қаралып, үшеуін Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев, Одесса, Дондағы Ростов губерниялары мен округтарында және Орталық Азия аумағында тұру құқығынан айырып, 3 жыл мерзімге Қазақстаннан жер аударуға шешім қабылданған. 1929 жылы сәуір айының соңында олар Пенза өңіріне келіп орналасқан. 1999 жылы 29 сәуірде жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған Бектлеу Алгазыев, Сакур-Латып Омаров, Мухамедьяр Мукатов Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының қаулысымен ақталып шыққан.

- Мұның бәрінен не ой түюге болады?

- Архив құжаттары бойынша Батыс Қазақстан облысында ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан халық көтерілістері болған деген тұжырымға келіп отырмын.

Қорыта айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндерін халық білуі тиіс. Олардың басын бәйгеге тігіп, ел үшін жасаған батыл іс-әрекеттері ұмытылмауы, есімдерін бүгінгі ұрпақ жадында сақтап, ұлықтауы керек. Сондықтан Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылықтарына қатысты деректер ғылыми айналымға толық енгізіліп, оқулықтарда жариялануы, музейлерде дәріптелуі және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалуы қажет. Осылайша, өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша тұрғыдан зерделеп, халықтың тарихи санасын қайта жаңғырта аламыз.

-Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар