Батыс Қазақстанда төтенше оқиғалар саны 28,5 пайызға көбейіп кеткен

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында төтенше оқиғалар саны 28,5 пайызға көбейіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы осы мерзімде техногендік және табиғи сипаттағы 14 төтенше жағдай тіркелсе, биыл мұның саны 18-ге жетті.

Соның салдарынан 17 адам зардап шекті, бұл өткен жылғыдан (11) 54,5 пайызға көп. Биыл 2 адам қаза тапты, өткен жылы осы мерзімде 4 адам көз жұмған еді.

Облыста жыл басынан бері 211 өрт (2017 жылы осы мерзімде - 221) тіркеліп, 10 адам (11) зардап шегіп, екеуі (8) қаза тапты.

Жаз шыға дала мен орман өртінің көбейетіні белгілі. Биылдың өзінде 22 га аумақты шарпыған екі орман өрті болып үлгерді. Бұл ретте өрт қауіпсіздігін сақтаудың маңызы зор. Осыған орай ТЖ департаменті жергілікті полиция қызметінің атты взводы, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, халық көп жиналатын турбаза, Хан тоғайы, жағажай секілді орындарда рейд жүргізді.

Шара кезінде орман алқабында рұқсат етілмеген от тұтату жағдайы анықталды. Соған байланысты өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған екі адамға 24050 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

«Мұндай рейдтер апта сайын ұйымдастырылатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанова.

Айта кетейік, суға шомылу кезінде де адамдар қауіпсіздікті сақтамай жатады. Соңғы он жылға жасалған талдау көрсеткеніндей, суға кеткендердің 35 пайызы мас күйінде түскендіктен, қайғылы жағдайға душар болған. 39 пайызы суда болу қауіпсіздігі ережесін бұзғандықтан және жүзу білмегендіктен, суға кетіп қалады. 12 пайызы ересектердің қарауынсыз қалған балалардың шомылуынан болады.

Соңғы жаңалықтар