Батыс Қазақстанда суретші Сәкен Ғұмаровқа ескерткіш орнатылды

None
None
 ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында белгілі қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровқа (1937-1995) ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйінің алаңында ескерткіштің бой көтеруіне «Казком» банкі БҚО филиалының төрағасы, С.Ғұмаров атындағы қордың  тең төрағасы Мерғат Ахметов мұрындық болса, қаржылық жағын техника ғылымдарының докторы, академик Талан Оразғалиев көтерді.

Ескерткіш салтанатпен ашылғаннан кейін Сәкен Ғұмаровқа арналған «Ғарыш мінезді адам» атты қысқа метражды фильм көрсетіліп, «С.Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шара барысында аудан әкімі Абат Шыныбеков, өңірге танымал еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, БҚО Суретшілер одағының төрағасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Қуандық Мәдір және басқалар сөз алып, Сәкен Ғұмаровтың қайталанбас сурет өнерін насихаттау бағытында өз ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.

null
Жалпақтал мәдениет үйінің фойесінде облыстық С.Ғұмаров музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Сәкен Ғұмаров бірнеше өнерді қатар меңгерді. Алдымен әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрында, кейін Оралда А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында ойнады. 1962-1963 жылдары А.Луначарский атындағы мемлекеттік театр және өнер институтында (ГИТИС, Мәскеу), Ленинград музыка, театр және кинематография институтында білім алды. 1964 жылы Оралда телестудия ашылған кезде оның бас режиссері болды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әртістік әрі журналистік қабілеті мол, музыкалық аспаптарда ойнап, өлең жазып, поэзияны да терең түсіне білген Сәкен Ғұмаров негізінен сурет өнеріне ден қойды. Кескіндеме саласында маңдай терін сыпыра еңбек еткен ол туындыларын абстракциялық әдіпте жазды. Алайда суретші ұстанған посавангардизм бағытын кеңестік дәуір қабылдай қойған жоқ. Сондықтан көпке дейін мойындалмады. Тек 1986 жылдан бастап көрмелері ұйымдастырылды. Алматыда, Оралда, Киевте, Мәскеуде, Ресейдің басқа да қалаларында көрмелері табыспен өтіп, атағы кеңінен жайылды. Шығармаларына көне түркілерден бастап кеңес дәуірінде әскери полигондар зардабын тартқан Бөкей ордасының тағдырын арқау етті. Марқұм көзі тірісінде «Ғарыш әлемінен келген байланыс-белгі бойынша суреттерімді саламын», дейтін. 

Соңғы жаңалықтар