Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі төнген ауылдан тұрғындар көшірілді

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бәйтерек ауданында су басу қаупі төнген Чинарев ауылынан тұрғындар көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 13 сәуір күнгі сағат 04.00-дегі жағдай бойынша ауылды су қоршап тұр. Үйлерді су басқан жоқ.

Аталған ауылда 223 тұрғын тіркелгенімен, 150 адам тұрақты тұрады. ТЖ күштерімен Чинаревтан Январцев ауылындағы мәдениет үйіне 20 адам эвакуацияланса, соның төртеуі – балалар.

11 адам Кунг автомобилінде болса, соның 9-ы – жасы ұлғайған адамдар, екеуі – балалар.

Қалған 119 тұрғын өз беттерімен туыстарының үйіне орналасты. Ауылда эвакуациядан бас тартқан 4 ер адам ғана қалды.

Департамент мәліметіне қарағанда, ауыл ішінде ұзындығы 50 метр дамбаны бекіту жұмыстары жүргізілді. 250 бас мал қауіпсіз жерге шығарылды.

«Үш бақылау бекеті орнатылып, үш учаскеде 215 метрге құм салынған 1185 қап қойылды. БҚО полиция департаменті күшімен қоғамдық тәртіп күзетілуде.

Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарына барлығы 128 адам (37 техника, 3 қайық, 8 мотопомпа) жұмылдырылды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-мен шектесетін Ресей ауылында су бөгеті бұзылғанын жазған болатынбыз.

Ресейдің Орынбор облысы бойынша ТЖ министрлігі бас басқармасы дағдарыс жағдайында басқару орталығының мәліметі бойынша аталмыш бөгетті қалпына келтіру жұмыстары шамамен 13 сәуір күні сағат 10.00-де басталмақшы.


Соңғы жаңалықтар