Батыс Қазақстанда су тапшылығы мәселесі қалай шешіледі – министрлік ұсынысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында батыс өңірлердегі су тапшылығы проблемасын шешу жолдары ұсынылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су ресурстарымен жеткіліксіз қамтамасыз етілген өңірлерді шаруашылық ауыз сумен жабдықтау тек топтық су құбырларын салу арқылы шешіледі. Мәселен, Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ бұлақтарының есебінен Атырау және Маңғыстау облыстарының едәуір аумағындағы тапшылықты жоюға болады. Ал Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты суларының кен орындарын пайдалануға болады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдама-жобасында.

Құжатта жазылғандай, барлау нәтижесінде бүгінгі күнге дейін шаруашылық мақсаттарға қолдануға болатын 201 жерасты суының қоры анықталған. Олардан тәулігіне 10-50 мың текше метр тіршілік нәрін алуға мүмкіндік бар.

Бұрын хабаралағанымыздай, аталған жоспарды орындау аясында 2029 жылға дейін Қазақстан бойынша 25 жаңа су қоймасы салынады.

Сонымен қатар су ресурстары бойынша білім алуға ниетті талапкерлер үшін білім гранты артады.


Соңғы жаңалықтар