Батыс Қазақстанда су көтеріле бастады

None
None
ОРАЛ. 2 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко Батыс Қазақстанға Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан арнайы техника, жабдықтарымен қосымша құтқарушыларды, сондай-ақ медициналық апат қызметкерлерін жіберу жөнінде шешім қабылдады.

Бұл туралы 2 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткізілген брифингте айтылды.

Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Александр Ивановтың атап өткеніндей, Қараөзен мен Сарыөзен бойындағы Қазталов, Жаңақала аудандары аумақтарында, сондай-ақ Деркөл мен Шаған ағатын Зеленов пен Тасқалада су тасқыны қаупі бар. Қараөзен мен Сарыөзеннен басқа барлық шағын өзендерде су көтеріле бастаған. Деркөл өзенінде өткен тәулікте 19 сантиметрге көтерілген. Шағын өзендерде су 7-15 сәуір аралығында тасымақ. Жайықта 12 сәуірге дейін сең жүрмек. Мұндағы судың көтерілу биіктігі шамамен 5,5-6,5 метр болуы ықтимал.

Қазіргі кезде облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Оған екі мыннан астам адам, 300-ден астам техника қатыстырылуда. Облыс жолдарында су өткізетін құбырлар тазартылуда. Бұдан үш күн бұрын Қазталов-Жәнібек жолының 63-шақырымында 37 метрдей жолды су шайып кетті. Осындай жағдай Мұратсай ауылы тұсында да қалыптасты.

Аталмыш департаменттің бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі басқармасының бастығы Максим Хайрекеновтің сөзіне қарағанда, Атырау, Ақтөбе, Қызылордадан келген құтқарушылар су тасқыны кезінде тұрғындарға қызмет көрсетпек. Олардың жалпы саны - 106 адам. Сондай-ақ 21 техникасы, 20-дан астам жүзу құралы бар. Құтқарушылардың тең жартысынан астамы Қазталов ауданына бет алмақ. Кеше кешкісін облысқа ҚР ТЖМ-ға қарасты «Қазавиақұтқару»-дың Ми-171 тікұшағы ұшып келді. Сонымен бірге министрдің бұйрығымен Оралға министрлік өкілі, азаматтық қорғаныс департаментінің бастығы, полковник М.Исқақов жіберіліп отыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Қараөзен мен Сарыөзендегі қар қоры қалыптағыдан (48 мм) екі есе жоғары - 78 мм. Сондықтан бұл өзендердегі су тасқыны қалыптағыдан 30-80 пайызға көп болмақ.

Соңғы жаңалықтар